Ресейдің Украинаға қарсы соғысының салдарынан азық-түлік жетіспей, әлемде 218 миллион адам аштыққа тап болды.
Бұл — әлем халқының 3 пайызы. Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы өкілі Маурицио Мартина италиялық Corriere della Sera газетіне берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді.
Өзбекстанда да ұн қатты қымбаттап кетті. Республиканың экономика министрлігі үкіметтің астық нарығын либерализациялау жөніндегі реформасына сараптама дайындады. Онда былай делінген:
«Ташкентте нан арзан болғандықтан, оны қой мен ірі қараға беру үшін алушылар көбейді. Өйткені нан бидайдан дайындалған жемнен арзан тұрады».
Министрліктің бұл мәлімдемесін естіген өзбекстандық блогерлер елде нан қымбаттайды деген қорытынды шығарған.
Биыл Өзбекстан үкіметі былтырғыға қарағанда 1 млн тонна артық бидай жинауды көздеп отыр. 2022 жылы республикада 1 миллион 27 мың гектар жерге бидай себіледі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, маусым-шілде айларында 7 миллион 679 мың тонна бидай жиналады деп жоспарланған.
Ресми мәлімет бойынша, былтыр Өзбекстанда 6 млн 656 мың тонна бидай алынды.
KAZAKBOL.COM