46 жастағы өзбек гимнасты Оксана Чусовитина 2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға ниеттеніп жатыр. Бұл туралы спортшы Өзбекстанның Ұлттық олимпиада комитеті өкілдерімен кездескенде айтқанын Uznews басылымы хабарлады.
«Мен жақсылап ойлана келе, Азия ойындарынан кейін Париждегі олимпиадаға қатысуға дайындалам деп шешім қабылдадым», — деді Чусовитина.
Оның Ташкентте өтіп жатқан Өзбекстанның спорттық гимнастика бойынша чемпионатында секіру бағдарламасы бойынша жеңімпаз болғаны хабарланды.
Чусовитина былтыр Токиода өткен олимпиададан кейін спорттағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеген.
Оксана Чусовитина Олимп ойындарына сегіз рет қатысып, Гиннестің рекордтар кітабына енген.
KAZAKBOL.COM