Көрнекі сурет. Фото: pravmir.ru
Шымкенттегі «Аналар үйін» мекендеген жалғызбасты аналар күйеулерінен көрген қорлықтарын жасырмай айтып берді. «Аналар үйін» мекендеген жандардың аянышты тағдырын Замана басылымы жазады.
22 жастағы Аяулымның мұнда келгеніне жеті айдың жүзі болып қалыпты. 10 жасында анасынан айырылып қалған ол жетімдер үйінде тәрбиеленген екен.
Мектеп бітіргеннен кейін Аяулым колледжге бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түседі. Бір жылдан кейін оны жатақханада бірге жататын құрбысы хиджап киетін әпкесімен таныстырады. Ол болса, Аяулымды інісімен таныстырып, келін етіп алғысы келетінін айтқан. Аз уақыттан кейін небәрі он сегіз жастағы бойжеткен тұрмысқа шығуға бел байлайды. Ол болашақ күйеуінің намаз оқитынына қызыққанын айтады.
Күйеуі Аяулымның әкесінің алдынан өтіп, беташар жасап, жары етеді. Алайда бір ай өткеннен кейін-ақ ол әйеліне түрлі мінездер көрсете бастаған.
— Үйленгеннен бір ай өткеннен кейін ол маған: «Саған үйленгеніме өкінемін, – деп қол көтеретінді шығарды. – Ұсқынсызсың, сөзіңді сөйлейтін ешкімің жоқ», – деп кемсітетін. Мен кетіп қалмақшы болғанмын, бірақ орамалды әпкесі сабырға шақырып, үй болып кетесіңдер деп жібермей алып қалатын. Үш айдан кейін жүкті екенімді білдім. Сөйтіп мүмкін балалы болсақ, өзгерер деген үміт пайда болды. Қателескен екенмін, ол бұрынғысына қоспаса, азайтқан жоқ. Тіпті қыстың күндері сыртта аяз болып тұрғанда терезені ашып, мені желең күйімде терезе алдына тұрғызып қоятын.
Не болса соған ашуланып, ұрып-соғатын. Ұлым әкесіз өспесін деп оның көрсеткен қорлығына шыдап бақтым. Сөйтіп жүргенімде тағы да көтеріп қойғанымды білдім. Бірақ одан әрі шыдап жүре беру мүмкін болмады. Баламды алып, оның үйінен кетіп қалдым да, қалада жеті айдай жұмыс істеп, өзімді-өзім асырадым.
Оның бұрын үйленгенін, әйелімен заңды түрде ажыраспай жатып, мені алғанын, кеткен әйелінде бір баласы барын да кейін білдім. Күйеуім мен қалада жүргенімде әйелімен қайта жарасыпты, әйелі сол аралықта бала көтеріп үлгерген.
Алайда неге екені белгісіз босануға айы-күнім жақындағанда күйеуім қалаға мені іздеп келіп: «мен сенің қадіріңді енді білдім, сенімен тұрамын, ана әйелімді қуып жібердім, кешір, өзгердім. Енді ұрып-соқпаймын», – деп кешірім сұрап келді. Мен оның сөзіне сеніп, қайтадан үйіне бардым. Ұлымның жөргекпұлы мен бір жасқа дейінгі жәрдемақысын өзі алған, қызымды босанғаннан кейін де құжаттарды өз атына рәсімдеді. Оның өзгердім дегені бекер екен, бұрынғы күйіме қайта түстім. Төрт жыл бірге тұрдық, ұл да, қыз да тауып бердім.
Тіпті мен оның аяғын жуып, тырнағына дейін алып беретінмін. Бірақ ол осының бәрін балаларымның бақыты үшін істеп жүргенімді білген жоқ. Ақыры онымен бірге өмір сүре алмайтыныма көзім жеткенде одан ажырауым керектігін түсіндім.
Бірақ олар ұлымды алып қалып, өзімді жабылып ұрып қуып шықты. Қызымды да бермейміз деген, мен оны тастай құшақтап қатып қалған соң ештеңе істей алмады. Кейін білдім, ол маған әйеліне «сен кетсең мен жас қыз аламын» деп ерегісіп үйленген екен. Сонда менің тағдырым оларға ойыншық болғаны ма? Біреуден өш алу үшін біреудің өмірін құрбандыққа шалу дұрыс па? — дейді Аяулым.
Ол ұлын жеті айдан бері көрмегенін, күйеуі көрсетпей жүргенін, түн баласына кірпігін іле алмай, ұлын сағынып, жылайтынын, сондайда жүрегі шаншып, ауыратынын айтты.
«Мен оны қарғамаймын, бірақ ұлымды сағынып жылаған кездерде, сені де Құдай дәл осылай жылатсын деп налимын. Байғұс баламның анасыз күні не боп жатыр екен?» – деді дауысына діріл араласып.
Аяулым мұнда келгеннен кейін күйеуінен ажырап, баласын алу үшін осындағы қызметкерлердің көмегімен сотқа арызданған екен. Бүгінде сот шешімі шығып та қойыпты. Енді баласын бауырына алатын күн де алыс емес.
KAZAKBOL.COM