27 сәуірде Ақтөбе облысының Мұғалжар және Темір аудандарында Қазақстан мен Қытайдың бірлескен «Батыс-Мұнай» компаниясының 100-ден астам мұнайшысы жалақы көбейтуді талап етіп, жұмысқа шықпаған.
Компания Мұғалжар және Темір аудандарында бұрғылау жұмыстарымен айналысады.
Желіде тараған видеоүндеуде бес бригаданың жұмысшылары бірауыздан «айлық көбейсін» деген талап қояды.
27 сәуірде Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Рустам Ахметов «Батыс-Мұнайдың» осы аудандағы Әлібекмола кенішіндегі төрт скважинада наразылармен кездескен.
– Бұл – «Батыс-Мұнайдың» кеніш басындағы өкілі шеше алатын мәселе емес. Сондықтан кенішке компанияның Ақтөбедегі кеңсесінен келетін жетекшілерді күтіп отырмыз. Мұнайшылар жалақының 100 пайыз көбеюін талап етіп отыр. Жұмысшылардың айтуынша, олар ай сайын 200 мың теңгеге жуық жалақы алып жүр, – деді әкімнің орынбасары Азаттыққа.
«Батыс-Мұнай» компаниясының Темір ауданындағы Құмсай мен Мортық кеніштерінде жұмыс тоқтап тұр. Бұл туралы Азаттыққа жұмысшылардың бірі (аты-жөнін айтпауды сұрады) айтты. Оның сөзінше, түнгі ауысымнан шыққан 56 адам қазір тынығып жатыр. Ал күндізгі ауысымдағы 59 адам жалақы көбеймейінше, жұмысқа шығудан бас тартқан.
Ақтөбе облысының әкімдігі «Батыс-Мұнай» жұмысшылары наразылықа шығып тұрғанын растады. Бірақ әзір ешқандай түсініктеме бермеді.
Қазақстанның батысында мұнайшылар жалақы өсіруді сұрап, жиі ереуілге шығады. Жергілікті билік оларға ереуіл заңсыз екенін айтып, жиі ескерту жасайды әрі лидерлерін полицияға шақырады. Мәселелері шешілмеген жағдайда жұмысшылардың кейбірі аштық жариялайды, кейбірі Астанаға баруға мәжбүр. Батыс өңірлерде бірнеше компанияның жұмысшылары ереуілдің арқасында жоғары жалақыға, жақсы еңбек шартына қол жеткізген.
KAZAKBOL.COM