Өткен жексенбіде Кабулда Усама бен Ладеннен кейін «Әл-Қаида» террор тобын басқарған Айман Зауахири ұшқышсыз аппарат зымыранымен өлтірілген. Америка барлауының мәліметіне қарағанда, әз-Зауахири 2001 жылы АҚШ-та жасалған аса ірі террорды ұйымдастырушы негізгі адамдардың бірі болған.
Дүйсенбі күні кешке америкалықтарға Ақ үйден жасаған үндеуінде Джо Байден әз-Зауахиридің қайда тұратынын АҚШ барлауы анықтағанын айтты. Барлау қызметі басшыларымен бірнеше рет кеңескеннен кейін Байден Зауахири тұратын Кабулдағы үйді зымыранмен атуға бұйрық берген. Зымыранмен екі рет атқан. Сол маңайда тұратын әз-Зауахиридің отбасы мен өзге де адамдар зардап шекпеген. Байден сөзінше, «бұл операция — АҚШ-тың террористер қайда тығылса да таба алатынын» көрсетеді.
Джо Байден «бұл шараның Құрама Штаттар әскерінің былтыр күзде антитеррор операцияларын жүргізу мүмкіндіктерін сақтай отырып, Ауғанстаннан шыққан стратегиясына сай келетінін» айтты.
Дүйсенбіде «Талибан» АҚШ операциясын айыптайтын мәлімдеме жариялады.
New York Times газетінің мәліметтеріне қарағанда, зымыран «Талибан» террор тобындағы ықпалды адамдардың бірінің үйіне түскен, әз-Зауахири сол үйдің балконында тұрған.
21 жыл бойы іздестірілген Айман әз-Зауахири көзінің жойылғаны президент Джо Байденнің үлкен саяси табысы саналады. Алайда әз-Зауахиридің Кабулда салыстырмалы түрде бірталай уақыт жүргені – былтыр күзде билікке келген «Талибан» қозғалысының Ауғанстанда террористерге баспана бермейтіні жөніндегі міндеттемесін орындауға қаншалықты дайын деген сұрақ туғызады. Тәліптер бұл уәдені Ауғанстаннан АҚШ әскерін алып кету жөнінде шешім қабылдаған Дональд Трамп әкімшілігімен келіссөз кезінде берген.
KAZAKBOL.COM