АҚШ мемлекеттік департаменті мемлекеттік хатшының Орталық және Оңтүстік Азия бойынша көмекшісі Дональд Лу АҚШ пен аймақтағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында 23-27 мамыр аралығында Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстанға барады деп мәлімдеді.
Делегация құрамында Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Ресей және Орталық Азия бойынша директоры Эрик Грин, АҚШ қорғаныс министрінің Ауғанстан, Пәкістан және Орталық Азия бойынша көмекшісі Ребекка Циммерман, АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігінің Азия бойынша бюро әкімшілігі көмекшісінің орынбасары Анджали Каур және АҚШ-тың Дамуды қаржыландыру корпорациясы аппаратының саясат мәселелері бойынша орынбасары Наз Эль-Хатиб бар.
23 мамырда Қырғызстанның сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев Бішкекте АҚШ-тың мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша көмекшісі Дональд Лумен кездескен. Мекеме таратқан мәліметте, онда тараптар қырғыз-америка қарым-қатынасы, аймақтық және ғаламдық мәселелерді талқылаған.
«Халықаралық санкциялардың Қырғызстан экономикасына тигізетін теріс әсерін азайту, шекара қауіпсіздігіне көмек көрсетуді арттыру мәселелері қаралды. «С5+1″ платформасы аясында мемлекеттердің өзара қарым-қатынасының маңыздылығы атап өтілді. Кездесу барысында конструктивті диалогты одан әрі жалғастыруға ниетті екені айтылды»,- делінген СІМ таратқан мәліметте.
Делегация Өзбекстанда өзбек үкіметі өкілдерімен, бизнес және азаматтық қоғам белсенділерімен кездеседі деп күтіледі.
Тәжікстанда делегация ресми өкілдермен кездесіп, АҚШ пен Тәжікстанның жыл сайын өтетін екі тарапты кеңесіне қатысады. Дональд Лу ауған босқындарына гуманитарлық көмек көрсету мәселесін талқылау үшін азаматтық қоғам өкілдерімен кездеспек.
Қазақстанда делегация билік өкілдерімен, азаматтық қоғам лидерлерімен кездесіп, елдегі реформаларды, адам құқықтарын қорғау бойынша шараларды күшейтуді және әйел құқықтарымен мүмкіндіктерін кеңейтуді талқылайды.
KAZAKBOL.COM