Алматыда еріктілер тобы Абай облысындағы өрттен зардап шеккендерге арнап гуманитарлық көмек жинауға кіріскен. Қала тұрғындары ұзақ сақталатын азық-түлік пен гигиена заттарын жинап жатыр.
Көмек жинаумен шұғылдан жүрген «Қамқор» еріктілер тобының өкілі Айнұр Трайсбаеваның айтуынша, кеше басталған қайырымдылық шарасы бүгін қарқын ала түскен. Бұл істі Алматыдағы басқа да бірнеше еріктілер тобы қолдаған.
– Абай облысындағы өрттен зардап шеккендерге көмектесікі келетіндер көбейгендіктен, Семей еріктілерінің штаб-пәтерінен қажет заттар тізімін алдық. Қазір бізге тез бұзылмайтын азық-түлік пен респираторлық маскалар, түнде елсіз жерде ұйықтауға арналған қапшықтар көбірек қажет. Акция енді ғана басталғандықтан, қала тұрғындары біртіндеп келіп жатыр. Ертеңнен бастап көбейеді деп отырмыз. Әуекомпаниялармен келісіп қойдық, олар біздің көмегімізді жеткізуге уәде берді, – дейді Айнұр Трайсбаева.
Оның сөзінше, гуманитарлық көмек жинауға еріктілердің республикалық фронт-офисі мұрындық болған. Қазір «Қамқор», «Еріктілер лигасы», «Медицина жастары» еріктілер тобы секілді бірнеше ұйым іске кіріскен. Олар жиналған көмекті Семей қаласына апта соңында жібермек.
Абай облысындағы өрттен зардап шеккендерге халықтан гуманитарлық және ақшалай көмек жинау жөнінде белсенділер мен кейбір депутаттар бастама көтере бастаған. Әлеуметтік желі қолданушылары арасында бұған дейінгі төтенше жағдайлар кезінде де бірнеше рет халықтан қаржылай көмек жиналғанын, мемлекет жедел және лайық көмек бере алмайтынын алға тартып, кейбір бастамаларды сынаушылар да болған.
Бұған дейін Қазақстан еріктілері ел ішіндегі төтенше оқиғалар кезінде қиналғандарға, Украинадағы соғыстан, Түркиядағы зілзаладан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинап келген.
Өткен аптадан бері Абай облысының Бородулиха ауданында орман өртеніп жатыр. Өрттен 15 адам қаза болған. 9 маусымда өрт сөндіруге кетіп, хабарсыз кеткен Абай облысының тағы бір тұрғынының мәйіті бүгін табылған.
KAZAKBOL.COM