Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі интернетте талқыланған депутат Мақсат Толықбайдың «экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды қамауда отырып, қымбат қонақүй сатып алды» деген мәлімдемесін жоққа шығарды.
Агенттік депутаттың айтқанын «жеке азаматтың ақпараты» деп атады.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, түрмеде отырған Қайрат Сатыбалдыға қатысты қазір салықтан жалтару және қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру сияқты өзге эпизодтар бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Агенттіктің хабарлауынша, тергеу барысында «заңсыз шығарылған активтер, сонымен бірге қылмыстық жолмен алынған мүліктерді қайтару мақсатында» шаралар жүргізіліп жатыр.
«Осыған байланысты Сатыбалдыұлына шығынды өтеу мақсатында бизнес орталықтары, әкімшілік ғимараттар, коммерциялық үй-жайлар, үйлер, пәтерлер, аяқталмаған құрылыс объектілері, жер учаскелері, эксклюзив зергерлік бұйымдар, люкс автомашиналар мен ақшалай қаражат мемлекетке беріледі. Арасында 2021 жылғы қарашада Сатыбалдыұлымен байланысты кәсіпорын сатып алған Double Tree by Hilton Almaty қонақүйі де бар» деп жазылған агенттіктің хабарламасында.
Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, қазір аталған нысанды мемлекет меншігіне беру процедурасы аяқталайын деп жатыр.
Жуырда мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Бас прокуратура өкілдерімен кездескен кезінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды тергеуде жүріп, Алматы ортасындағы Double Tree by Hilton Almaty қонақүйін сатып алғанын айтқан.
«Кезінде кәсіпкер Шолпан Кәренеевадан рейдерлік жолмен тартып алынған, Алматы орталығындағы Double Tree by Hilton Almaty отелін Қайрат Сатыбалды иеленіп үлгерді» деген еді депутат.
Оның айтуынша, «тергеліп, изоляторда отырғанына қарамастан», Қайрат Сатыбалды «құжаттарға ие болып, нотариуспен және келіссөз жүргізушілермен ұдайы байланыс жасаған». Нәтижесінде құны 6 миллиард теңге болатын сатып алу келісімі жасалған.
- Қайрат Сатыбалды былтыр наурызда қамауға алынған. Оған «алдау немесе сенімге кіру арқылы мүліктік зиян келтіру» және «сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ұрлау» баптары бойынша айып тағылды. Оған тағылған айып «Қазақтелеком» АҚ және «Көлік сервис орталығы» компанияларымен байланысты. Ол аталған компаниялардың ірі көлемдегі қаржысын жымқырды деген күдікке ілінген.
- 2022 жылы қыркүйекте сот оны алты жылға бас бостандығынан айырды. Ол қауіпсіздігі орташа колонияға жіберілген.
- Бұған дейін оның «салық және кеден төлемдерінен жалтарды» және «заңсыз кірісті заңдастырды» деп күдікке ілінгені хабарланған. Назарбаевтың немере інісі Forbes Kazakhstan тізімі бойынша елдегі ең ықпалды кәсіпкерлер қатарына кіреді.