Тіркелмеген «Алға, Қазақстан!» оппозициялық партиясының өкілдері 29 мамырда Астанада баспасөз конференциясын өткізіп, биліктен белсенбі Марат Жыланбаевты босатуды талап етті. «Алға, Қазақстан» лидері 25 мамырда екі айға қамауға алынған.
Құқық қорғаушы, «Алға, Қазақстан!» партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың мүшесі Сергей Измайлов Жыланбаевты «себепсіз», «заңсыз» қудалап жатыр деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, Жыланбаевты қазақстандық соттар тыйым салған (бірақ Еуропарламент қарарында бейбіт қозғалыстар деп аталған) оппозициялық «Қазақстанның демократиялық таңдауы» және «Көше» қозғалыстарының жетекшісі, шетелге қашуға мәжбүр болған банкир Мұхтар Әблязов үндеген митингілерге қатысу арқылы «тыйым салынған ұйым қызметіне қатысты» деп айыптап жатыр.
«Марат митинг өткізуге бірнеше мәрте өтініш берген. Митинг өткізу азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде ратификацияланған. Марат Жыланбаевтың митинг өткізуге өтініш бергені туралы жазғаны заң бұзушылыққа жатпайды. Ол ақпаратты тыйым салынбаған түрлі әдіспен тарата алады. Басқа бір адам [митингіге үндеу] жарияласа, бұл оның жеке ісі және құқығы. Марат ол үшін жауапты емес» дейді Измайлов.
Бұған қоса, құқық қорғаушы билік Жыланбаевтың әлеуметтік желілердегі жазбаларын «биліктің беделін түсіру», «экстремистік идеяларды дәріптеуге» жатқызғанын айтты.
«Тоқаев адамдарды ескертусіз ату жөнінде қылмысқа жататын бұйрық берді» деген сөйлемнің негізінде осындай қорытынды жасалған. Осындай бұйрық болғанын өздеріңіз де білесіздер, мұндай жайтты жоққа шығара алмайсың» деп мәлімдеді Измайлов.
«Алға, Қазақстан!» партиясының тағы бір өкілі Әсет Әбішевтің пікірінше, Жыланбаевқа қарсы қолданып жатқан баптармен «кез келген адамды, тіпті Әблязовтан сұқбат алған журналистерді де айыптауға болады».
Жыланбаевтың адвокаты Мейіржан Досқараев белсендіні қамау жөніндегі шешімге апелляциялық шағым түсіргенін хабарлады. Шағым жақында қаралуы тиіс.
25 мамыр күні Астана қаласының тергеу соты тіркелмеген «Алға, Қазақстан» оппозициялық партиясының лидері Марат Жыланбаевты тұтқындауды сұраған тергеушілердің талабын орындады. Үш аптаға жуық әкімшілік қамауда отырып шығысымен қайтадан ұсталған Жыланбаев енді тағы 23 шілдеге дейін абақтыда болады.
60 жастағы Марат Жыланбаев Қылмыстық Кодекстің 405-бабы («сот тыйым салған ұйымның жұмысына қатысу») мен 258-бабында («террористік не экстремистік әрекетті қаржыландыру») көрсетілген іс-әрекетке барған деген күдікке қалып отыр. Қазақстанда билік 405-бапты көбіне оппозициялық ұстанымдағы адамдарды қудалауға қолданады.
KAZAKBOL.COM