«Алдараспан» әзіл-сықақ театрының актрисасы Гүлжанар Сазанбайқызы ауыр науқастан көз жұмды, деп хабарлады Baistars.kz.
«Бүгін Оңтүстік шоқ жұлдызы, өнерлі де, талантты қызы Гүлжанардан айрылып қалды. Қанша мадақтасақ та жарасатын, ақылды да парасатты Гүлжанарымыз биыл тұрмысқа шығып, ана болуға дайындалып жүрген еді. Бірақ сұм ажал оны арамыздан алып кетті. Бәрімізге де ауыр тиді бұл қаза, жаның жаннатта болсын деуден басқа амалымыз жоқ», — деп жазды актрисаның әріптесі Айнұр Ақбаева Facebook-тегі жеке парақшасында.
Гүлжанар Сазанбайқызы «Алдараспан» театрының негізін Нұржан Төлендиевпен бірге қалаған. ОҚО әзіл-сықақ және сатира театрында да қолтаңбасын қалдырып үлгерді.
Сонымен қатар, актриса бірнеше телевизиялық жобаларға түсіп, «Шаншар» , «Шымкент-шоу» әзіл-сықақ театрларында да өнер көрсетті. Оралхан Бөкей атындағы көркем сөз оқу байқауының бас жүлде иегері. Облыстық Қазақстан-Шымкент телеарнасында бірнеше жыл тележүргізуші болып қызмет атқарды.