Алматы орталық қалалық клиникалық ауруханасында бес науқас ВИЧ жұқтырған. Бұл жөнінде 14 маусымда BES.media телеграм-арнасы хабарлады.
Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы үш адам ВИЧ жұқтырғанын растады.
Ақпаратқа қарағанда, денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен науқастар қан құйдырғаннан кейін бір айдан соң ВИЧ-инфекциясына анализ тапсыруға тиіс болған. Оларға ВИЧ жұққаны сол анализ тапсырғаннан кейін анықталған.
Басқарманың баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2 маусымда вирус қайдан жұққанын зерттейтін комиссия құрылған. Комиссия донорлар мен медицина қызметкерлерін және олармен байланыста болған тұлғаларды тексерген. Олардан ВИЧ анықталмаған. Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті аурухананы тексеріп жатыр. Тексеріс жұмыстарына Қазақ тері-венерологиялық ғылыми-зерттеу орталығының мамандары да тартылған.
BES.media телеграм-арнасы бұл Ерболат Досаев жетекшілігі тұсында тіркелген алғашқы ВИЧ жұқтыру оқиғасы емес екенін еске салады. Бұрын Досаев денсаулық сақтау министрлігін басқарған кезде 50-ден астам балаға қан құю кезінде ВИЧ жұққан.
KAZAKBOL.COM