Алматыда құқық қорғаушы әрі азаматтық белсенді Жәмила Қасымхан мен Мөлдір Жұмабаева кезек-кезек пикет өткізді. Қазақстанда тұрмыстық, сексуал зорлық-зомбылық мәселесі өршіп тұр деген олар әкімдіктен 8 наурызда әйелдерге марш өткізуге рұқсат беруін талап етті.
«Сенің маршқа баруың үшін мен осында тұрмын» деген тақтайша ұстаған қызылордалық белсенді, құқық қорғаушы Жәмилә Қасымхан «әр әйелдің дауысы 8 наурызда шеруде естілуі керек» дейді.
Белсендінің айтуынша, әкімдік олардың 8 наурызда марш өткізу талабын үш рет кері қайтарған. Қаладағы жиын өткізуге болатын төрт алаң да бос емес деген.
Жәмила Қасымхан шеруде әр әйел мәселесін көтеріп, қоғам назарын аудартуы керек деп санайды.
— Қызылордадағы медицина мекемесінде түнгі ауысымда жұмыс істейтін медбике харассментке ұшырады. Ол полицияға арыз жазды. Бірақ істі «дәлел жоқ» деп жауып тастаған. [Біздің қоғамда] ондай қылмысты әкімшілік құқық бұзушылық ретінде көреді. Сол үшін бізде заң әлсіз. Мұндай мәселені, әйелдерге қарсы фемицидті, сексуал, тұрмыстық зорлық-зомбылық, харассмент фактілерін қаттырақ, бәріне естіртіп айту керек. Заңды күшейту қажет, — дейді құқық қорғаушы.
Белсенділер пикетке жалғыз шығу үшін 45 минуттан кезек-кезек тұрды. Қала әкімдігі сондай талап қойған. Жәмила Қасымханнан кейін орнына белсенді Мөлдір Жұмабаева шықты. Ол зорлық көрген әйелдерді қорғайтын заң әлсіз, ал полиция арызын кейін қайтарады деп күйінді.
— Өзім маршқа тұрмыстағы зорлық мәселесін айтуға шығамын. Заңнамада «жыныстық бопсалау» деген термин жоқ. Бұл – баяғыдан, Кеңес заманына келе жатқан заңнама. Соның өзінде бұрын мұндай қылмыс үшін айыппұл салатын, қазір жай ескерту жазасына ауыстырды. Бұдан өткен қорлық жоқ шығар, — деді белсенді.
Мөлдір Жұмабаева — «SVET» қоғамдық қорының негізін қалаушы. Ол сексуал және тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесін мәжіліс депутаттарымен кездескенде де көтерген. Алайда ешқандай жақсы өзгеріс болмағанын айтты.
Бүгін, 23 ақпанда оларды қолдауға басқа де феминист, белсенділер жиналды. Бәрі 8 наурызда әйел құқығын қорғау үшін митингпен қатар шеру де өтуі керек деп есептейді.
8 наурызда марш ұйымдастырмақ болғандардың бірі Жанар Секербаева әкімдік әйелдердің белсенділігінен, саяси сауатынан қорқады деп есептейді.
— Алаңдар таңғы 9.00-ден кешкі 20.00-ге дейін бос емес, «Еріктілер лигасы» алды дейді. Бұл – мүмкін емес нәрсе, осынша сағат жиын өткізу қиын. Ал біз екі сағат қана сұрадық. Менің ойымша, әкімдіктің рұқсат бермеу себебі алаңдар бос болмағаннан емес, әйелдердің саяси белсенділігінен қорыққаннан, — дейді Секербаева.
Феминистер былтыр желтоқсанда Алматы әкімдігіне митинг пен шеру өткізетінін хабарлаған. Алайда әкімдік қаладағы жиын өткізуге арналған төрт орынды да «Еріктілер лигасы» алып қойғанын айтып, рұқсат бермеген.
Белсенділердің сөзінше, олардың өтінішін бүгінге дейін әкімдік үш рет қайтарған. Феминистердің 20 наурызда Алматы әкімі Ерболат Досаевтың үстінен сотқа шағым түсіргені туралы хабар шыққан кейін ғана әкімдік митинг өткізуге рұқсат берген. Бірақ феминистер бұған қанағаттанбайды. 8 наурызда шеру де өтсін деп талап қойып отыр.
Олар 2021 жылы 8 наурызда бейбіт марш өткізгенін айтып, бұл жолы да әйелдердің дауысы шеруде шығуы керек деп санайды.
KAZAKBOL.COM