Алматы облысында өгей әке үш жасар қызын оңдырмай сабап, мұрнын жұлып алған. Бұл туралы журналист Гүлмира Абықай Facebook желісінде жазды деп хабарлайды NUR.KZ.
«Фотодағы үш жасар қыздың үстінен сау тамтық жоқ. Басынан башпайына дейін аяусыз тістелеп, бір уыс төбе шашы мүлдем жоқ. Ең сорақысы ұйықтап жатқан бөпенің мұрнын 1986 жылы туған Ринат Қоңқабаев тістеп жұлып алған. Әлде жеп қойды ма, кім білсін
«Мұрын еті сол күйі табылмаған. 20 күн ауруханада жатқан Жансая бүгін анасымен үйге қайтуы керек. Алайда, басар тау, барар жері жоқ. Пәтерге оралса азаматтық жары Ринат күтіп отыр. Бұл мәселеге қатысты балаға шабуыл деп арыз жазылғанымен күдікті изоляторда бір күн отырып, босап шықты. Шырылдап енді арыз жазғанымды білсе өзімді де өлтіреді деп жылайды Аяулым Матаева. Ол (Ринат) бұрын сотталған азамат», — деп жазды журналист.
Бұндай оқиғаның орын алғанын Алматы облыстық Ішкі істер департаментінің ресми өкілі Көбейхан Нұрахмет Tengrinews.kz-ке растаған.
Айтуынша, оқиға өткен жылдың 25 желтоқсанында болған.
«Қылмыс дерегі 2017 жылдың 25 желтоқсанында сотқа дейінгі бірыңғай тергеу реестріне тіркелді. Іс Талғар аудандық ІІБ өндірісінде. Үш жасар қыз ауруханаға түскен. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Қызды ұрып-соқты делінген ер адам ұсталып, кейін ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Қыздың суреті әлеуметтік желіде таралғаннан кейін бұл тергеу Алматы облыстық ІІД Анықтау басқармасының ерекше бақылауына алынды», — деп хабарлады Көбейхан Нұрахмет.
KAZAKBOL.COM