Алматыдағы жеке меншік клиникалардың бірінде жұмыс істейтін дәрігер-гинеколог пәктігін қалпына келтіру отасына сұраныстың артып келе жатқанын айтты. Оның сөзіне сенсек, әйелінің пәктігін қайта қалпына келтіргісі келіп, ол үшін ақы төлеуге дайын ер адамдар аз емес екен. Бұл туралы pandaland.kz басылымына сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.
«Гименопластика — біздің клиникамыздағы ең кең таралған оталардың бірі. Отаны 18 жастан асқан бойжеткендерге жасауға болады. Гименопластиканың екі түрі бар. Қысқа мерзімді және ұзақмерзімді.
Ұзақмерзімді гименопластикада қынап үш қабатына дейін тігіледі де, ол 100 пайызға дейін шынайылық әсерін береді. Бұл отаны жасауға, негізінде, тұрмысқа шығатын қалыңдықтар жүгінеді. Бірақ, тіпті кейде күйеуі бар әйелдер де келеді. Кейбірі әйелдерін қолынан жетектеп тұрып әкеледі», — дейді Елена Кротова.
Ал психологтардың айтуынша, мұндай отаға қыздар қорқыныштан барады екен. Бірі тұрмысқа шықпай қалудан қорықса, екіншілері өтірігі шығып қалмауы үшін жанталасады екен. Олардың айтуынша, егер болашақ жарыңмен тату-тәтті өмір сүргің келсе, онда оған әу бастан-ақ шындықты айтқан жөн.