Соңғы су тасқыны кезінде қатты зардап шеккен аудандардың бірі осы — Алатау. Нәтижесінде 35 үй лайға толды.
Аудан әкімдерінің қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері алдындағы қаржы бойынша есебі жалғасуда. Бұл жолы Кеңес мүшелері Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоровты сұрақтың астына алды. Аудан басшылығы дерегінше, өткен жылы бюджеттен бөлінген қаржы толықтай игерілген. Дегенмен жаңа қосылған ықшам аудандарға ауыз су, кәріз құбырын тарту, жол салу қажеттілігі туындап тұр, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.
Бұл Қоғамдық кеңес алдында есеп берген үшінші аудан әкімі. Бағдат Мәнізоров ауданның 8 жылда жеткен жетістігіне қысқаша тоқталып, өткен жылға бөлінген қаржыны жіліктей шақты. 2015 жылы Алатау ауданы үшін 3 млрд 412 млн теңге бөлінген. Оның 113 млн теңгесі — әкімдік аппаратының қызметіне жаратылыпты. Тұрғындарға 18 млн теңге әлеуметтік көмек көрсетіліп, балабақшаларға қажетті құрылғылар үшін 7,5 млн және мәдени шаралар үшін 8 млн теңге жұмсалған. Әкімнің айтуынша, Алатау ауданындағы заңдастыру жұмыстары толық аяқталған. Алайда құжаты мен баспана салу нормалары заңға сәйкес келмейтін 600-ден аса үй сүрілуі мүмкін.
«2015 жылы 20 млрд 700 млн теңге салық түсті. Бұл 2008, 2009 жылмен салыстырғанда 3-4 есеге көп. Алғаш салық басқармасы ашылғанда 6 млрд 300 млн теңге салық түскен болатын. Екі жыл қатарынан 20 млрд теңгеден аса салық түсуде, экономикалық дағдарысқа қарамай»,- деді Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров.
Аудандағы көшелер мен тұрғын үй аулаларын жарықтандыру үшін бөлінген 229 млн теңге 100 пайызға іске асырылыпты. Ал, тазалау жұмыстарына 987 млн теңге жаратылған. Алатау ауданын көгалдандыру үшін бөлінген 462 млн теңге 97 пайызға іске асырылды. Ал, аудандағы 14 мемлекеттік, «Балапан» бағдарламасы аясында жұмыс істейтін 40 жеке балабақша үшін республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген 753 млн теңгенің 739 млн жаратылған. Ал, аудандағы шешімін таппай тұрғаны — коммуникациялық желілер мәселесі.
«Алатау ауданы екі жыл қатарынан болған лай көшкінінен қатты зардап шегуде. Бірінші кезекте осы мәселені шешу керек. Одан кейін мектептер саны жетіспейді. Ауданға жаңа қосылған бес ықшам ауданға ауыз су, кәріз құбырын тартып, жол салу мәселесі де уақыт күттірмейді. Аудандағы аталған мәселердің қолға алынуын бақылаймыз»,- деді Алматы қалалық қоғамдық кеңесі комиссиясының төрайымы Анна Данилина.
Биыл Алатау ауданына 3 млрд 278 млн теңге бөлінген. Оның 134 млн теңгесі әкімдік аппаратының қажеттілігіне тиесілі. Қоғамдық кеңес мүшелері балабақшаға бөлінген қаржы туралы толық ақпарат дайындап, келесі аптада қайта есеп беруін сұрады. Себебі өткен жылы мектепке дейінгі мекемелер үшін 753 млн теңге бөлінсе, биыл 1 млрд 526 млн теңге қарастырылған. Алайда өзен арналары мен арықтарды жөндеуге бағытталған қаржы өткен жылмен салыстырғанда екі есеге азайған. Айта кетейік, соңғы су тасқыны кезінде қатты зардап шеккен аудандардың бірі осы — Алатау. Нәтижесінде 35 үй лайға толды.
Аршын Кемелжан, Ескендір Тоғысбаев
Фото:www.inform.kz
KAZAKBOL.COM