Фото: zamana.kz
Жаз маусымы – елдің ішінде тойдың көбейетін кезі. Біреу келін алып, екіншісі қыз ұзатып, үшіншісі бала сүндеттеп, төртіншілері мерейтойларын атап өтіп жатады.
Қызықшылығына кемінде 200-ден, тіпті 400 – 500-ден аса қонақ шақыратындар да жоқ емес. Ал тойға жұрт азды-көпті тойанасыз бармайды. Мұның бәрі белгілі жайлар. Дегенмен тойдың біз білмейтін қызықты жақтары да аз емес сияқты.
Бұл туралы Замана газетінің редакциясына хабарласқан Жақсымұрат есімді азамат айтып берді.
«Менің Алматыда үлкен кәсіпкер құдам бар. Той-жиындарда араласып тұрамыз. Жуырда сол кісі қызын астаналық бір шенеуніктің ұлына ұзататын болыпты деп естідік. Тойға бұл жақтан көп адамды шақырмапты деген сөзді де құлағымыз шалып жүрді. Бірақ өзі ештеңе айтқан жоқ еді. Жуырда құдамыз қаладағы бір тойханаға 200-дей ағайын-туыс пен құда-жекжаттарды шақырып, құран оқытып, ас берді. Мен жұмыстармен бара алмай, құдайыға қарындасым қатысты. Осы жиында сөз алған құдамыз көпшілікті Астанадағы тойға шақыра алмайтындықтарын білдіріп: «Осында баталарыңызды алғанды дұрыс көрдім», – депті. Мұны естіген біреулер тойана береміз бе деп отырғанда құдамыздың жігіттері отырған 200 адамға ішінде 150 мың теңге салынған конверттер таратып, отырғандарды таңқалдырған», — дейді Жақсымұрат.
150 мың теңге аз ақша емес. Оны 200 адамға таратқанда құдамыздың қанша теңгеге шығынданғанын шамалауға болады. Бірақ ол кісінің неге бұлай жасағанын ешкім білмейді.
«Бұған қалай таңқалмассыз? Менің тойыма бара алмайсыздар деп келгендерге ақша таратқанды көру былай тұрсын, бұған дейін естімеппіз де. Ал неге бұлай жасадың деп ол ақшаны қайтарған адам болмапты. Керісінше: «Құдай бергісі келсе терезеден де бере салады деген рас екен ау!» – деп үйіне жөндеу жасап алғандарды да естіп жүрміз». Қысқасы, 200-дей адам асқа қатысып, құдамыздың арқасында ақшаға қарық болып қалыпты», — дейді тұрғын.
Жақында шымкенттік азамат мектеп бітіруіне 25 жыл арналған кешті кластастары үшін Дубайда жасап берген болатын.