Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев 7-8 тамыздағы Қой-Таш оқиғасы бойынша қамауға алынғандарды босатуға шақырды. Атамбаевтың мұндай мәлімдемесі 13 қарашада жарияланды.
Атамбаевтың мәлімдемесінде Қой-Таш оқиғасы кезінде өзін жақтағандарды қамау туралы шешім «қорқыту және үндемеуге мәжбүрлеу» мақсатында қабылданған.
— Билік ол адамдардың жазығы жоқтығын өте жақсы біледі. Сұрақтары болса маған қойсын, мені соттасын. Қазіргі билік тұрғанда бәріне дайынмын. Бірақ 7-8 тамыздағы оқиғаны желеу етіп қамалғандардың бәрі босатылуы керек. Олардың жазығы әділетке, Қырғызстан конституциясы мен заңдарына сенгендігінде ғана, — дейді Атамбаев.
Биыл 7-8 тамызда Қырғызстанның Шу облысының Аламудун ауданындағы Қой-Таш ауылында «бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты тергеуге мәжбүрлеп әкелу шарасы» жүргізілген еді. Оқиға кезінде ондаған адам зардап шекті. Арнаулы қызметтің алты адамы кепілге алынып, Атамбаевтың үйінде 20 сағаттан астам ұсталды. Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері Үсенбек Ниязбеков оқ тиіп қаза болды, Шу облысы полициясының басшысы Самат Құрманқұлов басынан жарақаттанды.
Атамбаевтың бірқатар жақтастары, бұрынғы депутат Әсел Кодуранова мен Ирина Карамушкина, экс-депутат Равшан Жээнбеков, Атамбаевтың бұрынғы кеңесшісі Құндыз Жолдубаева, Қырғызстан МҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әбділ Сегізбаевтар қамауға алынған.
15 қазанда Батукаевты заңсыз босату ісі бойынша соттың алдын ала тыңдауы өткен. Қамауда отырған Алмазбек Атамбаев сотқа қатысудан бас тартқан. Сот отырысы 15 қарашада басталады.
KAZAKBOL.COM