Қолынан айырылған Данил. Скриншот: КТК
Жасөспірім тура мектептің жанындағы қараусыз қалған зауыттың ауласында абайсызда электр сымын ұстап алған. Ойын баласының қатты күйіп қалғаны сонша, дәрігерлерге оның қолын кесіп тастауға тура келді.
Еңіреген ата-ана енді ұлдарын мүгедек қылғандармен соттаспақшы. Жаға ұстатар жайт 57-ші мектептің алдындағы мына ескі зауытта болған. Кезінде темір қақпа, қоршаулар мен өзге де заттарды шығарған кәсіпорын қазір қараусыз жатыр. Бірақ, ашық-шашық жатқанымен ғимаратта әлі тоқ бар. Тіпті, трансформатор орналасқан. 10 жастағы Данил сабақтан кейін осы кабелдердің бірін абайсызда ұстап, тоққа түскен.
«Тоқ ұлымның қолынан кіріп аяғынан шыққан. Шамамен мың вольт болған екен. Кейін адамдар бірден көмекке келіп, Данилды ауруханаға жеткіздік. Оның аман қалғанына дәрігерлер де таң қалып отыр», — дейді зардап шеккен оқушының анасы Любовь Лагай.
Бір тәулік жансақтау бөлімінде жатқан Данил енді есін жиды. Бірақ, тоқтың қатты соққысынан аман қалғанымен, сол қолын білек тұсынан кесіп тастауға тура келген.
«Қан жүрмеген соң соң кесіп тастауға тура келді. Бүгінгі таңда жағдайы жаман емес. Оң аяғындағы жаралары жазылып қалды. Ауыруына байланысты керек емнің бәрін алып жатыр», — деп мәлімдеді № 2 қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері міндетін атқарушы: Ұлыбек Асылбеков.
Ал, Данил тоққа түскен жер жекеменшік серіктестікке қарайды. Енді анасы электр сымдарын қалай болса солай қалдырып, айналасын қоршамаған фирмамен соттаспақшы. Оның үстіне мұнда жиі келіп ойнауды әдетке айналдырған өзге оқушыларға да қауіп төніп тұр. Өйткені, ғимаратқа бір емес, екі бірдей мектеп тым жақын орналасқан.
Оқыс жағдайдан кейін осы жерге жауаптылар трансформаторға апаратын жолды үйіндімен жауып тастаған екен. Бірақ, бұл ойын баласы үшін кедергі емес. Кез-келгені үстімен оп-оңай өте алады. Сондықтан қызық қуып келген ұл-қыздардың кез-келгені Данил секілді тоққа түсуі ғажап емес. Оның үстіне тоқ әлі ажыратылмаған.
Қазір полиция тоққа түсу дерегі қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастап кетті. Қараусыз нысанның кімге тиесілі екенін де анықтап жатыр. Ал, боксшы болуды армандаған Данил Лагай болса, әлі біраз уақыт ем алуы керек. Әрі онымен психологтар жұмыс істеуі тиіс.
KAZAKBOL.COM