30 қаңтарда Астанада әйелдерге зорлық-зомбылық көрсетуге қарсы митинг өтті.
Рұқсат етілген митингіге жиналғандар зорлық-зомбылық мәселесін көтеріп, заңға «зорлық-зомбылық көрсету» түсінігін енгізуді, харрасмент жасағандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етті.
Цирк ғимаратының автотұрағында өткен митингіге елудей адам жиналды. Наразылыққа келгендердің көбі – әйелдер. Митингіге қатысқандар плакатпен шығып, әйел құқығының қорғалуын, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен жыныстық зорлық-зомбылық жазасын ауырлатуды талап қылды.
Митингіні дискриминацияға қарсы Myqty.women бастамасының мүшелері ұйымдастырды. Астана әкімдігі қарсылық акциясын 17.00-19.00 арасында өткізуге рұқсат еткен. Акция өтіп жатқан маңда полицейлер, әкімдік қызметкерлері жүрді, жедел жәрдем бригадасы тұрды. Билік өкілінің бірі митингіге келгендерге плакатта «жаман сөз қолдандыңдар» деп ескерту жасады.
Жарық сөніп қалғандықтан қатысушылар ұзақ уақыт микрофон қоса алмай, талаптарын микрофонсыз айтуға мәжбүр болды.
— Қазақстанда Қылмыстық кодекске «зорлық-зомбылық» бабын енгізу керек деп ойлаймын, себебі елімізде бұл жабық тақырып. Осы талапты айту үшін митингіге шықтым. Әйел зорлық-зомбылықты айтып, полицияға арыз жазуға келсе, оны мазақтап күледі. Одан сорақысы әйел тағы да осы мәселеге тап болады. Ал негізгі кінәлі – зорлық көрсеткен адам. Барлығына кінәлі – заңсыздық. Әйелдер заңмен қорғалуы керек деп санаймын, — деді Ангелина есімді митинг қатысушысы.
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық заңы 2009 жылы қабылданған. Осыдан соң бұл заң бірнеше рет өзгерді. 2013 жылы «экономикалық зомбылық» (адамды қасақана тамағынан, мүлкінен айыру) түсінігін тұрмыстық зорлық- зомбылық қатарынан алып тастады.
2017 жылы «Қол көтеру», «Қасақана денсаулыққа жеңіл зиян келтіру» баптары Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауысты.
2022 жылы жұмыс тобы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жазасын күшейтетін заң жобасын дайындаған, бірақ бұл өзгерістер әлі қабылданбады. Сарапшылар мұның өзін «косметикалық өзгерістер» дейді.
KAZAKBOL.COM