Тоғызыншы маусым күні Кельнде ARD неміс арнасының журналисі әрі ресейлік спортшылардың допингі туралы фильмнің авторы Хайо Зеппельт ВГТРК журналистерімен сөзге келіп қалды.
«Россия-1» телеарнасының Ольга Скабеева бастаған түсірілім тобы Берлинге келіп, Зеппельттен сұхбат алды. Алайда сұхбат соңы жанжалға ұласты. Ол сұхбатты провокация деп атап, журналистердің «кәсіби емес», біртүрлі сұрақтар қойғанын айтты.
Хайо Зеппельтті ресейлік арнаның тілшісі ARD-ның алғашқы фильмінде допинг туралы фактілердің дәлелін көрсетуді талап еткені ашуландырған.
«Мен оған Кельндегі мейрамханада отырғандықтан және кеңсем шалғайда болғандықтан, дәл қазір дәлелдерді көрсете алмайтынымды түсіндіруге тырыстым. Мен оған көмектесе алмаймын», — дейді ол.
Зеппельт Скабеевадан кетуін он шақты рет сұрағанымен, еш нәтиже болмағанын алға тартты. Содан кейін репортер түсірілім тобының заттарын өзі сыртқа шығаратынын айтқанда, ВГТРК журналисі есік алдында тұрып алып, ешқайда кетпейтінін мәлімдеген.
Допинг мәселесін Зеппельт «жаһандық» деп атап, Ресейде бұл мәселе өзге елдерден әлдеқайда өршіп тұрғанын сөз етті.
KAZAKBOL.COM