Атыраулық Жалғасбаева Айсұлу Оразбайқызының өкпе туберкулезі дертіне шалдыққанына 10 жылдан асты. 28 жастағы бойжеткеннің жағдайы соңғы алты айда күрт нашарлап, тіпті тамақ ішуден қалған. Жалғыз қызын қалай да дертінен айықтырамын деген ана дәрігерлердің «қызыңыздың өмір сүруіне аз қалды» деген сөзіне сенер емес деп хабарлайды NUR.KZ.
«Қызымның туберкулез ауруын жұқтырғанына он жылдан асты. Жолдасым 14 жыл бұрын қайтыс болған. Осы уақытқа дейін ешкімге қол жаймай қызымды жалғыз өзім жеткізуге тырыстым. Қызым қажет кезінде ауруханаға жатып, жыл сайын емін алып тұратын.
Мұндай ауыр халге түскеніне жарты жылдан асты. Наурыз айында Атырау облыстық туберкулезді диспансеріне жатқыздым. Қызым 14 рет кішігірім ота, екі рет көлемді отаны бастан өткізді. Алты қабырғасын, бір өкпесін алып тастаған. Бүгінде ол әрең қозғалады, тамақ ішуден мүлдем қалды»,- дейді Айсұлудың анасы Бибігүл.
Бұған дейін Ресейдің Астрахань қаласында Айсұлуға бірнеше ота жасатылған. 16 рет отаны бастан кешірген атыраулық қыз аяғынан тұрып, дертінен айығып кететінінен үмітті.
«Баламның емі үшін бірнеше рет несие де алдым. Бірақ, ол алған ақшам жетер емес. Қызым өте намысшыл, тіпті көмек сұрауымызға да қарсы болды. Алладан әлі күдерін үзген жоқ. Бәлкім Астрахань қаласына барып, ота жасатсақ жазылып беті бері қарар»,- дейді баласын жоғалтқысы келмейтінін айтып, жылаған ана.
Порталымыздың тілшісі Атырау облыстық туберкулез диспансерінің кезекші бөліміне хабарласқан еді. Ондағы мамандар Айсұлу Оразбайқызының наурыз айынан бастап емделіп жатқанын растады.
«Мұндай дертке шалдыққан жандар күніне 15-17 таблетка дәрі ішуі тиіс. Бірақ, Айсұлуға аса күшті дәрілерді бере алмаймыз, себебі жүрегіне әсер етіп кетуі мүмкін. Ауруы әбден асқынып кеткен, оған ешқандай ота көмектеспейтінін бұған дейін анасына бірнеше рет айтқанбыз. Қазір тәбетін ашатын дәрілер егіп, ауруын жеңілдетуге бар жағдайды жасап жатырмыз»,-дейді емхана маманы.
Айсұлудың достары әлеуметтік желіде халықтан көмек сұрап, жеке есепшот ашқан. Бойжеткенге Астрахань қаласындағы емханада ота жасату үшін 1 миллион теңге қаражат керек. Бүгінге дейін жеке есепшотына 300 мың теңгедей жиналған. Айсұлудың құрбысы арнайы карточка ашып, халықтан көмек сұрауда.
Айсұлу Оразбайқызына көмек қолын созғысы келетін жандар болса, мына нөмірге хабарласыңыздар: +77024421307;
Киви-әмияны, Kaspi Gold: 5169 4931 6263 7196
ЖСН нөмірі: 810215401994
KAZAKBOL.COM