Фото yk-news.kz
Facebook қолданушысы Еркін Баказатхан Қазақстаннан шетелге кетудің басты себептерін тізбектеп берді.
Бұл туралы қолданушының желідегі парақшасына сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.
«Мен салық төлесем де, сол үшін ештеңе алмайтын елде тұрғым келмейді. Жолдар, медицина, әлеуметтік қорғау барлығы төмен деңгейде», — деп жазады қолданушы.
Осыдан соң, ол балаларының болашағы үшін шетелге көшу керектігін айтқан.
«Қоғамның барлық саласын жемқорлық жайлаған. Медицина, құқық қорғау, білім саласы, құрылыс, мансап жолында өсу — барлығында хал мүшкіл», — дейді Еркін Баказатхан.
Қолданушы Қазақстандағы құқық қорғау саласының ақсап тұрғанын да алға тартады. Осы орайда, ол қанша рет жол ережесін бұзса да, жазадан құтылып кеткен Мақсат Үсеновті еске алған.
«Мансап жолында өсу үшін жоғарыда ағаң немесе көкең болуы тиіс елде тұрғым келмейді. Кімнің жағдайы жақсы болса, соның пайдасына үкім шығаратын елде тұруға еш ниет жоқ. Бұған «Үсеновтің ісі» дәлел», — деген қолданушы.
Сондай-ақ, тұрғын елдің жартысынан көбі кедейшілікте отырғанын жазады.
«Ел тұрғындарының жартысынан көбі кедейліктің зардабын тартып отырғанда, ЭКСПО, саммит секілді түкке жарамайтын шаралар өткізу басқа сыймайды. Кіріс белгісіз жаққа кетіп жатыр, шығыс тиімсіз. Өз даусың саналмайтын елде мүлде тұрғым келмейді», — деп жазады қолданушы.
Ашынған желі қолданушысы еліміздегі балабақша, тұрғын үй мен жас отбасыларға деген қолдаудың тек қағаз жүзінде екенін айтты.
«Астанада баланы балабақшаға орналастырып, пәтер алудың қаншаға соғатынын бәрі біледі», — дейді ол.
Сондай-ақ, автор Қазақстан тұрғындары үшін жерасты байлықтың да, мәдени және рухани құндылықтың да қалмағанын айтады.
«Сенің тіліңді аяққа таптап, байлығыңды шетелдіктерге сатып жіберген елде тұрғым келмейді» деген автор жоғары жақта патриоттар жұмыс істесе, мұндай қиындықтардың болмауы мүмкін екенін жазған.
KAZAKBOL.COM