Фото: immigration-help.ru
Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, бұл келісім тезірек күшіне енсе, Қазақстан азаматтары он күннен кейін алауы желбірейтін Рио Олимпиадасына визасыз баруға мүмкіндік алады.
Бүгін ҚР Сыртқы iстер министрiнiң бiрiншi орынбасары Мұхтар Тiлеубердi мен Бразилияның Қазақстандағы елшiсi Деметрио Буэно Карвальо Қазақстан мен Бразилия үкiметтерi арасындағы екi ел азаматтарының визасыз сапары туралы келiсiмге қол қойды, деп жазады ҚазАқпарат ХАА.
Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, бұл келісім тезірек күшіне енсе, Қазақстан азаматтары он күннен кейін алауы желбірейтін Рио Олимпиадасына визасыз баруға мүмкіндік алады.
«Қазақстан азаматтары сыртқа шыққан кезде визасыз немесе визаны жеңілдетіп алу жүйесін құру туралы Елбасының тапсырмасы бар. Сондықтан, Сыртқы істер министрлігі бұл бағытта тұрақты түрде жұмыс атқаруда. Міне, Бразилия мен Қазақстан арасында келісімге қол қойдық. Бұл келісім бойынша, екі ел азаматтары бір-біріне отыз күнге дейін визасыз сапарлар шеге алады. Өздеріңіз білесіздер, Бразилия Латын Америкасында өз деңгейінде көтерілген мемлекет. Сондықтан, біз үшін бұл өзгерістің маңызы зор. Әрине, келісімді толықтырамыз, қазіргі кезде осындай өзгеріс керек. Өздеріңіз білесіздер, он күннен кейін Бразилияда Олимпиада ойындары басталады. Сондықтан, жақын арада осы келісімді күшіне енгізіп, біздің азаматтарымыз Олимпиада ойындарына визасыз барады деп үміттенеміз», — деді келісімге қол қойғаннан кейін М.Тілеуберді.
Вице-министр атап өткендей, бұл келісімнің Қазақстан үшін тағы бір тиімді тұсы Бразилия азаматтары келесі жылы ЭКСПО көрмесіне визасыз келе алады.
«Оның үстіне өздеріңіз білесіздер, Бразилия азаматтарының саны көп ел. Екі жүз миллионнан астам халқы бар. Сондықтан, келесі жылы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 ге қонаққа Бразилиядан көп қонақ келеді деп үміттенеміз», — деді ойын түйіндеген М.Тілеуберді.
Айта кетейік, бүгін қол қойылған келісім сондай-ақ, екi елдiң ынтымақтастығын дамытуға, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық, туристiк және өзге байланыстарды нығайтуға, әсiресе екi ел азаматтарының өзара сапарларын жеңiлдетуге бағытталған.
Кенжекей Тоқтамұратқызы
KAZAKBOL.COM