Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиев Ақсай қаласындағы KKS-Sicim компаниясы жұмысшылары жалақыны 50 пайыз өсіру туралы талабымен келіспейді.
Бұл туралы әкім сейсенбі, 17 қаңтарда үкімет отырысына қатысқаннан кейін журналистер сұрағына берген жауабында айтты.
– Талаптары орынсыз деп ойлаймын. Себебі олардың ұжымдық келісімшарты бар, оның сыртында әрбір жұмысшы мен жұмыс беруші арасында жасалған жеке келісімшарт бар. Сондықтан сол келісімшарттарда қаралған екіжақты міндеттемелерде жалақыны 50 пайыз немесе 100 пайыз көтеру деген жоқ. Келісімшартта 20 пайыз деген ғана бар. Сондықтан да (талаптары) орынсыз, – деді Нариман Төреғалиев.
БҚО әкімінің сөзінше, мекемеде орташа жалақы 280 мың теңге, «ең жоғарғы жалақы 800 мыңға дейін барады».
– (Жұмысшылар жалақыны 20 пайыз көтеруге) келіспесе, әрі қарай келісім жүргіземіз. Ертең кешке ең үлкен басшысы Италиядан келеді, шақырып жатырмыз. Сол келген соң тағы сөйлесеміз, – деді Төреғалиев.
Бұған қоса әкім заңға сілтеп, жұмысшылар жұмысқа шығуы тиіс, егер шықпайтын болса шара қабылданады деп ескертті. Сөзінше, үш мыңдай жұмысшысы бар KKS-Sicim компаниясының бес жүзге жуық жұмысшысы ереуілдеп, жұмысқа шықпаған.
16 қаңтарда Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Ақсай қаласындағы Қарашығанақ кен орнында KKS-Sicim жауапкршілігі шектеулі серіктестігінің бірнеше жүз жұмысшысы таңертеңгі сағат алтыда ереуіл бастаған. Жалақыны елу пайыз көбейтуді талап еткен олар жұмысқа шығудан бас тартқан.
Ақсайда жұмысшылар ереуілі әлі жалғасып жатыр. Бұл туралы сейсенбі күні Азаттыққа жұмысшылардың өздері хабарлады.
Жұмысшылар компанияның негізгі кеңсесі – Атыраудағы Қарабатаннан SICIM компаниясы басшылығы келмекші, шешімді сол шығарады деген хабар тарап жатқанын, бірақ бұл қаншалықты рас ақпарат белгісіз екенін жеткізді.
KKS-Sicim – италиялық SICIM және қазақстандық КазКомСервис компанияларының бірлескен мекемесі. Karachaganak Petroleum Operating B.V. компаниясының мердігері KKS-Sicim компаниясы газ және мұнай магистралды құбыр желісін салумен айналысады.
KAZAKBOL.COM