БҰҰ Ресей Украина аумағына басып кіргелі бері кем дегенде 501 бала қаза болғанын растады, деп мәлімдеді БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) атқарушы директоры Кэтрин Рассел.
«Қара тізімге БҰҰ растай алғандар ғана кірді. Шын мәнінде соғыста қаза болған балалар әлдеқайда көп. Қаншама отбасының шексіз қасіреті», – деп жазды ол твиттерде.
Шамамен 1 мың украин баласы соғыста жараланған, деп хабарлады ЮНИСЕФ басшысы. «Балалардың соғыс кезінде алған жарақаты мен жан жарасы өмір бойы өшпеуі мүмкін».
«Әрбір бала бейбіт заманда өсуге лайық. Зорлық-зомбылық пен үрейді ешбір бала бастан өткермеуі керек», – дейді Рассел.
Украина бас прокуратурасы кеңсесінің мәліметінше, 2023 жылғы сәуірдің басындағы жағдай бойынша 467 бала Ресей агрессиясынан қаза болды, 944 бала жараланды.
«Қара тізім толық емес. Әскери қимылдар, уақытша басып алынған және азат етілген аумақтарда зардап шеккендер анықталып жатыр», — деп хабарлады Украина бас прокуратурасы.
Жақында ғана расталған ауыр қаза — Донецк облысындағы Авдеевкада 31 наурызда бес айлық баланың мерт болуы. Сәби мен оның әжесі Ресей әскерінің шабуылынан қаза болды, баланың ата-анасы жараланды.
KAZAKBOL.COM