«ҚазМұнайГаз» жанар-жағармай станциялар желісі жекешелендірілгеннен кейін бір жарым жылдан соң оның құрылтайшылары қатарына Joint Technologies ЖШС енді.
Бұл жауапкершілігі шектеулі серіктестік экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев («Кипрос» ЖШС арқылы) пен Раушан Сағдиеваға тиесілі. Бұл жөнінде 4 қарашада компания құжаттарына сүйенген Forbes сайты жазды.
Сайт ақпаратынша, қазір Qazaq Oil деген атқа көшіріліп жатқан «ҚазМұнайГаз» станциялар желісі 2019 жылы сәуірде жекешелендірілген. Келісім құны 60,5 млрд теңге (сол кездегі курс бағамымен 163,3 млн доллар) болған. Қазір станциялар желісі PetroRetail компаниясына қарайды.
Компания сайтындағы мәліметке қарағанда,республика бойынша «ҚазМұнайГаз» станциялар желісіне 342 жанар-жағармай станциясы кіреді.
Forbes жазуынша, PetroRetail құрылтайшыларының арасында одан бөлек Prime case ЖШС (Қазақстандағы ең ықпалды кәсіпкерлер тізіміне енген Данияр Әбілғазин мен Head company ЖШС-ға тіркелген) мен Руфат Ходжалаков (Атырау облысының ауыр атлетика федерациясының төрағасы, «ҚазМұнайГаз» өңдеу маркетинг жетекшісі болған) бар.
Head company компаниясының құрылтайшысы – бұрын Қаржы министрлігінде лауазымды қызмет атқарған, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының мүшесі Бауыржан Тойбазаров.
PetroRetail – Тимур Құлыбаев портфеліндегі мұнай өнімдерімен айналысатын жалғыз актив емес. Оның GasEnergy деген атпен белгілі дизель және бензин сатумен айналысатын «Автогаз Трэйд» компаниясында да үлесі бар. Желі Қазақстанның ірі алты қаласында жұмыс істейді, 41 жанар-жағармай кешені мен түрлі тасымалдаушыларда 115 газ моноблогы бар.
Американың Forbes журналы биыл сәуірде Тимур Құлыбаев пен оның әйелі Динараның (Назарбаевтың ортаншы қызы) жиынтық байлығы 5,6 миллиард доллар (әрқайсысында 2,8 миллиард доллардан) деп бағалаған. Ерлі-зайыпты Құлыбаевтар өз меншігіндегі «Алмэкс» компаниясы арқылы елдегі ең ірі коммерциялық банк – Халық банкке иелік етеді. Биыл Тимур Құлыбаев елдегі ең ірі әуежай – Алматы аэропортын түрік холдингіне 365 миллион долларға сатты.
54 жастағы Тимур Құлыбаев – KAZENERGY мұнайгаз және энергетика кешені ұйымдарының қазақстандық ассоциациясы жетекшісі, ресейлік «Газпром» компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі әрі Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетін, Қазақстан бокс федерациясын басқарады.
KAZAKBOL.COM