8 мамырда ресейлік басылымдар Мәскеуде «Альянс банктің» бұрынғы басқарма төрағасы Жомарт Ертаев ұсталғанын хабарлады.
Ақпарат агенттіктердің хабарлауынша, Ертаевты полиция мен Росгвардия өкілдері ұстаған. Интернетте тараған видеода Ертаев мінген Gelandwagen көлігін жол ортасында бірнеше полиция көлігі қоршап тұрғанын көруге болады. РБК ақпарат агенттігі Ертаевтың полиция бөліміне жеткізілгенін жазды.
2015 жылы «Альянс банктің» бұрынғы басқарма төрағасы Жомарт Ертаев қаржы жымқырды деген күдікке ілінген.
Қазақстан бас прокуратурасының дерегінше, Жомарт Ертаев «Альянс банктегі» лауазымды тұлғаларға қатысты істе» күдікті ретінде танылған. Прокуратура «Ертаев өзгенің сеніп тапсырған аса қомақты мүлкін бір топ адаммен бірігіп, қызмет бабын пайдалана отырып иемденді және жұмсады» деп айыптаған.
«Альянс банкті» 2002-2007 жылдары басқарған Жомарт Ертаев бұған дейін де жауапқа тартылған еді. 2009 жылы қаржы полициясы банк акционерлері мен менеджерлеріне заң бұзды деп айып таққан кезде Жомарт Ертаев тоғыз ай қамауда отырып босап шыққан. Кейін 1 миллиард доллар қаржы жымқыруға байланысты бұл іс «бухгалтерлік және қаржылық есеп заңнамасын бұзу» және «банктің қаржысын заңсыз жұмсау» деген баптарға ауыстырылған. Ол кезде сотқа тартылған адамдардың арасында банктің директорлар кеңесінің төрағасы Марғұлан Сейсенбаев та болған.
«Альянс банк» Қазақстанда қаржылық дағдарыс болған 2009 жылы дефолт жариялап, кейін реструктуризацияланған. 2015 жылы банк қайта құрылып, оның құрамына «Темірбанк» пен ForteBank қосылған. 2015 жылы ақпанда «Альянс банктің» атауы ForteBank болып өзгергені хабарланған.
KAZAKBOL.COM