Ақтөбе облысы Алға ауданы Бестамақ ауылы аусыл індетінен сескеніп, бордақылаған сиырларын ерте союға мәжбүр болып жатыр. Бұл жөнінде ауыл адамдары 20 қарашада Бестамақтың мәдениет үйінде өткен жиында айтты.
Осыдан бір жыл бұрын 2020 жылғы 19 қараша күні Бестамақ ауылының жүз шақты тұрғыны наразылыққа шығып, ауыл іргесіндегі шошқа фермасының жабылуын талап еткен болатын.
Жиынға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов пен Алға ауданының әкімі Нұрбол Ержанов және Бестамақ ауылының әкімі Қанат Дәулетәлин қатысты.
— Індет жұққан сиыр күйіс қайырудан қалып, тез арықтап жатыр. Өрістен келген сиырлар аузынан көбік ағып, орнынан тұра алмай қалды. Індет жұққан малды бөлек қамап, антибиотикпен емдей бастадық,- дейді Бестамақ ауылының тұрғыны Салтанат Нұрғалиева.
Бестамақтың тағы бір тұрғыны Самат Сағымбаевтың сөзіне қарағанда, аудан орталығы Алғада ветеринарлық лаборатория жоқ. Осы себепті ауыл ветеринарлары мал ауырған кезде облыс орталығына баруға мәжбүр.
Ауыл әкімі Қанат Дәулетәлин ауыл адамдары індеттен сескеніп, сиырларын сойып тастап жатқанын растады. Бірақ Бестамақ ауылында қанша сиыр аусылмен ауырғанын білмейтінін айтты.
Жиынға қатысқан Алға ауданының әкімі Нұрбол Ержановтың айтуынша, Бестамақтағы аусыл індетіне шошқа фермасының әсері жоқ.
— Аусыл ауданның Бестамақтан өзге де үш ауылынан шықты. Ол ауылдарда шошқа фермасы жоқ,- дейді Ержанов.
Әкімнің сөзінше, қазан айының соңында басталған аусыл індеті әлі де ішінара бар. Аусыл тарай бастаған соң Алға ауданда сегіз мыңнан астам сиырға вакцина салынған. Індет жайылмас үшін қарашаның бас кезінде ауру малдар бөлек қамалған.
Шошқа фермасына байланысты халық наразылығынан кейінгі тексеріс барысында «Парижская коммуна» компаниясы 2018-2020 жылдары ферма маңынан сегіз шұңқыр қазып, кемі 189,24 тонна қалдық көмілгені анықталған. Тереңдігі бес метр сегіз шұңқырдан шошқа өлексесі, ішек-қарын, құрылыс материалдары мен жануарға берілетін азық қалдығы шыққан.
2021 жылғы 13 мамырда Ақтөбенің экономикалық соты «экологиялық заңнамалар талабын бұзған» шошқа фермасына ірі көлемде айыппұл салып, табиғатқа зазал келтіргені үшін қылмыстық жауапқа тартқан.
KAZAKBOL.COM