Шымкенттің қорқынышты көшелері. Фото: Корреспондент
Әсіресе, ел арасында «Привокзальная», «Зеленая балка» аталып кеткен аудандардың әбден тозығы жетіп, маскүнемдер мен нашақорлардың тұрғылықты мекеніне айналып бара жатқаны жаныңды құлазытады. Біз таяуда жоғарыда аталған жерлерді аралап, халқының мұң-мұқтажын тыңдап қайтқан едік.
Жаңа ауданның тұрғындары «су, газ, жол жоқ» деп мұңын шақса, түсіністікпен қарауға болар еді. «Жаңа салынды, келешегі алда ғой» дейсің. Ал, мына аудандардың іргетасы Шымкент Шымкент болмай тұрып, қаланың өзінен бұрын қаланған. Соған қарамастан, мұнда әлі күнге дейін жол жоқ.
Шымкенттің қорқынышты көшелері. Фото: Корреспондент
Бұрынғы Привокзальный, қазіргі Бекетті көшесі – шаһардағы ең ұзын көше деуге болады. Онда тіпті 285-ші үйге дейін бар. Алайда, ол басқа орталық көшелер сияқты оқтаудай түп-түзу, ұзыннан ұзақ созылып жатқан жоқ. Өңшең қуыстар мен алакөлеңке бұрыштардан, жалғызаяқ сүрлеу жолдан құралған.
Ең жаманы – көшеде асфальт жоқ. Аудан тұрғыны, зейнеткер Любовь Ивановнаның айтуынша, күз бен көктемде және қыстың күні үлкен жолға шейін кебіс, содан кейін ғана жөні түзу біркиер етікті киюге тура келеді екен. Күн сайын екі бірдей аяқ киім алып жүруің керек.
«Жол саламыз деп уәде бергендері рас. Білмеймін, әлі хабар жоқ. Бір ғана көлік сиятын, жіп-жіңішке, жаман көше болса да, көшеміз бар ғой. Енді соны жөндеп беруге болмай ма? Біз өркениетті қалада тұратын адамға ұқсамаймыз. Ауыл бұдан тәуір шығар. Лай-батпақ, кірдің ортасында өмір сүріп жатырмыз. Көшемізде автобус та жүрмейді, сол үшін үлкен жолға дейін жаяу барамыз. Мейлі, онысына көндік. Автобус сыймайды ғой бәрібір. Бірақ сол автобус аялдамасына дейін жаяу баратын жол салып берсе екен» дейді Любовь Ивановна.
Шымкенттің қорқынышты көшелері. Фото: Корреспондент
Осы Бекетті көшесін аралап жүріп, жөн сұрайтын адам таппадық. Үш адамның басы қосылып отырғанын көріп, қуана жақындағанымызда оразасын арақпен ашып отырған кісілер екен. Көбінде мектепке бара жатқан және қайтқан оқушылар. Көлік жүре алмайтын қуыстарды жаяу араладық. Көшеде түнгі жарық та жоқ. Тар көшедегі қоқыс орны адам төзгісіз халге жеткен. Иісі алыстан мүңкіп ала жөнеледі. Көліктер күнделікті сол тау боп үйілген қоқыстың жанынан айналып өтуге мәжбүр. Бұл көрініс 90-жылдардағы дағдарыстан жүдеп-жадаған жұпыны тіршілікті еске түсірді.
Қоқыс демекші, МПС көшесінің тұрғындары да осы қоқыстың уақытында әкетілмейтінін, халық саны тым көп болғандықтан, қоқыс салатын 4 жәшіктің жетпейтінін айтып, шағымданды. Елена есімде тұрғынның сөзіне сенсек, қоқыс әрі кеткенде айына бір рет әкетіледі. Ал, ай сайынғы төлемақысына келгенде тұп-тура уақытында, бермесіңе қоймай «как штык» жинап алып кетеді. «Тағы бірнеше контейнер қойып берсе екен» деп өтінді Елена.
Шымкенттің қорқынышты көшелері. Фото: Корреспондент
Бұрынғы Пархоменко, қазіргі Нұрлыбаев көшесіне былтырлары тәп-тәуір асфальт төсеп бергенімен, биыл оны қайта бұзып тастаған. Тұрғындардың айтуынша, жазда мұнда жолдың асты қазы-лып, кәріз жүйесі жүргізіліпті. Мердігер компания жұмысын аяқтаған соң артын жинап, ретке келтіруді «ұмытып» кетсе керек. Көше тұрғыны Айгүл ол кәріз жүйесіне көпқабатты тұрғын үйлерді қоспағанын айтады.
«Мұндағы кей үйлерде әлі күнге кәріз жоқ. Суын далаға төгіп жатады. Кейбір үйдің тұрғындары өздері «септик» қазып алған. Жұмыс басталғанда біз қатты қуандық. Сол кезде жұмысшылардан «бізді мына жүйеге қосасыңдар ма? Бірден жалғап кете бермейсіңдер ме?» деп айтқанмын. Сонда олар «сендерге кім оп-оңай қосып береді? Ол үшін барып өтініш жазу керек» деді. Бірақ қайда барып жазатынымызды айтпады. Өзім де түсінбей қалдым. Басымызды қосып, жөндеп түсіндірсе болады ғой. Халыққа пайдасы болмаса, сонда бұл жүйе не үшін жүргізілді? Бір көршіміздің айтуынша, бұл кәріз емес, мұнай қалдықтарын ағызып жіберетін құбыр. Білмейміз. Ең болмаса, көшені бұрынғы қалпына келтіріп кетсе болмас па еді?» деп күйінді Нұрлыбаев көшесінің тұрғыны.
Шымкенттің қорқынышты көшелері. Фото: Корреспондент
«Әр мердігер осылай білгенін істеп кете берсе, шенеуніктің оған тісі батпаса, халықтың жайын кім ойлайды? Тұрғындарға пайдасы тимесе, ел игілігін көрмесе, ол кәріз не үшін жүргізілді? Әлде ол шынымен де мұнай қалдығын қуатын құбыр ма? Бұл ауданның жағдайы оңалатын күн қашан туады? Бұл сауалдардың жауабын Шымкент қаласының әкімдігінен күтеміз. Әзірге Шымкенттің «трущобалары» Мумбайдың әйгілі «трущобаларына» есе жіберейін деп тұрған жоқ», — дейді мақала авторы.
KAZAKBOL.COM