Қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты қазіргі заман батырының қатарына қосады.
Оны Д.Қарсақбайұлы деген аккаунтпен тіркелген қолданушы жүктеген деп хабарлайды Корреспондент басылымы.
Видеода байқағанымыздай, Бекболат Тілеухан кезекті бір кездесуінде Н.Назарбаевтың сабырлығына қатысты ерекше тоқталып өткен.
«Астана арнасында Әйгерім есімді қарындасым сұхбат алып отырды. Ол кезде еш жерде жұмыста жоқпын. Менен «заманның батыры кім?» деп сұрады. Мен «Назарбаев батыр» деп айттым. Ел жатып келіп «ой, жағымпаз, көрмейсің бе мынаның енді істеп жатқанын? Президентке жағынып жатыр» деген… Бұл менің имандай шын сөзім еді. Неге десеңіздер ғой, батырлық деген қазіргі заманда білекпен өлшенбейді. Батырлық сабырмен өлшенеді, батырлық ақылмен өлшенеді. Мен бір батырлығын айтайын сіздерге…», — деп әңгімесін бастады қоғам қайраткері.
«Баяғыда Қытаймен делимитация болып жатқанда екі ортада шекараны белгілеп жатқан кезде тура жиналысқа кірердің алдында былай өтіп бара жатқан Қытайдың шенеунігі Назарбаевтың қолынан қағып жіберді. Назарбаев білесіңдер, негізі «мужик» жігіт қой. Теміртауда жекпе-жекке шығып, төбелесіп жүрген. Күресіп жүрген. Анау-мынау адамның сөзін басынан асыратын азамат емес. …Шалқасынан түсіретін-ақ жігіт. Анау тышқандай бар ғой шөп жеп жүрген Қытайды түртіп қалса, өлтіреді. Өзін қағып кеткенде үлкен кісі маңдайы «помидордай» қызарып, ашуланды. Сол екі ортада бәрі өлшенген нәрсе ғой. Саяси технология. Тура сол «моментте» шақырды келіссөзге… Ашумен кірді. Онсыз да білесіздер Қытай ешкімге есесін беретін ел емес. Ішіне кірген «моментте» Назарбаев түк болмағандай жиып алды. Ана ашудың бәрін жоқ қылып жіберді», — деп сөзін жалғастырған Бекболат Тілеухан елбасының осы бір сабрылығына тәнті болғанын жасырмайды.
Тіпті Тілеухан егер де президент қайырылып келіп, есесін қайтарғанда, бүгінгі жағдай басқаша болуы мүмкіндігін де айтып қалды.
«Ол ашуын ұстады. Себебі оның артында алты Алаштың жүгі тұр. Оған жеке бастың эмоциясы бір тиын. Себебі қазақтың тағдыры тұр», — деп әңгімесін түйіндеді қоғам қайраткері.
KAZAKBOL.COM