Тәжікстан, Беларусь және Ауғанстанның кәсіпкерлері Душанбеде өткен бизнес-форумда 11,3 млн долларға келісімге келді. Сарапшылар батыс санкциясынан экономикасы зардап шегіп жатқан Беларусь Ауғанстан нарығын игеру арқылы жағдайын жақсартуға ниеттеніп жатыр дейді.
6 сәуірде Душанбеде Тәжікстан мен Беларусь сауда-экономикалық ынтымақтастығы бойынша үкіметаралық комиссияның 14-отырысы аясында кәсіпкерлердің форумы өткен. Онда ауыл шарушылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару, агроөндіріс және фармацевтикалық жабдықтар бойынша келісімге келген.
Былтыр Тәжікстан мен Беларусь арасындағы сауда айналымы 54,4 млн долларды құраған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Тәжікстан мен Ауғанстан арасындағы сауда айналымы былтыр 70 млн долларды құраған.
Келісімге сәйкес, тәжік-беларусь бірлесіп Ауғанстанға экспорттайтын трактор өндіреді. Тәжікстандағы «Агротехсервис» бірлескен кәсіпорны соңғы екі жылда трактордың 70 пайыз қосалқы бөлшектерін шығарған.
KAZAKBOL.COM