Қарақалпақстандық Ақылбек Мұратов Нүкіс оқиғасы бойынша сотталған Полат Шамшетовтің Бұхараның тергеу абақтысында қайтыс болуының себебін атады.
Оның сөзінше, Шамшетов былтыр Қарақалпақстанда 1-2 шілдеде болған халық наразылығы кезінде күштік органдар тарапынан қару қолданылғаны бойынша басты куәгер болған.
«Өзбекстан билігі қару қолданбадық дейді. Бірақ халықаралық Human Rights Watch ұйымы наразылық кезінде оқ қару мен гранаталар қолданылғаны туралы құқық қорғаушылардың мәлімдемесін жариялады. Полат Шамшетов сол оқиғалардың басты куәгерлерінің бірі болды», — деді Мұратов.
Биыл 31 қаңтарда жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды деген айыппен алты жылға сотталған Полат Шамшетов 4 ақпанда Бұхарада тергеу абақтысында көз жұмғаны хабарланды.
Өзбекстанның бас прокуратурасы жүргізген сот-медициналық сараптама қорытындысына сүйеніп, Шамшетов жүрек талмасынан қайтыс болғанын мәлімдеген.
KAZAKBOL.COM