21 маусымда Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданындағы «Шыны пластикалық құбырлар» зауытында бір айдан бері ұжымдық шартты қайта жасауды, оған жалақы мен әлеуметтік төлем талабын енгізуді талап етіп ереуілдеп жатқан жұмысшыларға әйелдері қосылды. Кейбірінің қолдарында жасқа толмаған сәбилері бар.
Бұл туралы Азаттыққа зауыттың жұмысшысы Еркебұлан Жаманқұлов хабарлады.
Оның сөзінше, зауыт маңына тігілген киіз үйде жатқан жұмысшыларға келіп қосылған әйелдері талаптары орындалмайынша кетпейтінін айтқан.
— 29 күн болды, әлі талабымыз орындалған жоқ. Біз бір жақтан келген гастарбайтер емеспіз. Осы Маңғыстаудың жергілікті адамымыз, Қазақстанның азаматтарымыз. Артық ақша емес еңбегімізге сай еңбекақы төлеуді сұрап жатырмыз. Неге бізді осынша зарықтырды? — дейді зауыт жұмысшысы Асқар Сәркенов.
Ереуілдеген жұмысшылардың бірінің әйелі Мәншүк Тұржанованың айтуынша, күйеуінің жалақысы ақпандағы ереуілде көтерілгенімен, қолына алғандары күнделікті тамаққа да жетпейді.
— Ақпараттық технология дамыса да біз баланың жағдайын жасай алмай отырмыз. Неге? Себебі жолдасымыздың тапқан ақшасы шайлыққа да жетпейді. Тамақтың бағасы қымбат. Емізулі баламыз бар. Тіпті қиналғаннан баламызды енемізге тастап жұмысқа да шығып кеттік. Ал енді осы жаңа Қазақстанға жарасатын дүние ме? Сәбиімізге махаббатымызды беріп, үйде отырып тәрбиелеудің орнына тентіреп жүрміз, — Мәншүк Тұржанова.
Зауыт жұмысшылары ереуілі 23 мамырда басталған. Содан бері олар мекеме қасына киіз үй тігіп, үйлеріне бармай жалақыларын толық төлеуді талап етіп жатыр.
Күйеулерін қолдауға келген әйелдермен зауыттың бас инженері, зауыт директорының міндетін атқарушы Есей Көшкінбаев кездескен. Ол зауыт жұмысшылары жолдаған видеода көрінеді. Көшкінбаев жиналғандарға талаптарының қашан орындалатыны туралы ештеңе айтпаған. Тек «Маңғыстаумұнайгаз» ұсынған 1 миллиард 23 миллион теңгелік жұмыс көлемін ресейлік компанияның ұтқанын айтқан.
Өткен аптада зауыттың Алматыдан құрылтайшылары келіп зауыт директорын орнынан босатып, Көшкінбаев директор міндетін атқарушы болған.
«Шыны пластикалық құбырлар» зауыты Ақтаудан 30 шақырым жердегі Мұнайлы ауданында орналасқан. Ол Маңғыстаудағы «Өзенмұнайгаз», «Маңғыстаумұнайгаз», «Қаражанбасмұнай» тәрізді ірі мұнай өндіруші мекемлерге мұнай айдайтын құбырлар өндірумен айналысады. Forbes журналының жазуынша, зауыт табысы 897 млн доллар саналатын Қазақстанның ірі бизнесмені Рашид Сәрсеновке тиесілі.
Зауытты 2003 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев ашқан еді. Зауытта жүзден астам адам жұмыс істейді. Ақпанда да зауыт жұмысшылары ереуілдеп, айлықтарын 40 пайызға көтеруге қол жеткізгенін, бірақ оны қолдарына алып көрмегендерін айтады.
KAZAKBOL.COM