Site icon KAZAKBOL

Бірнеше жыл Шыңжаң лагерінде болған Қытай қазағы отбасына оралды

Қытайдың Қазақстандағы елшілігі мен консулдығы алдында наразылық білдіргендердің бірі Гүлнұр Қосдәулеттің күйеуі Сәрсенбек Әкбар 8 ақпанда кешкісін Алматы облысына келді.

Шамамен үш жыл Қытай лагерінде, екі жыл үйқамақта болған азамат бірнеше жыл көрмеген отбасымен қауышты. Күйеуінің елге оралғанын Гүлнұр Қосдәулет Азаттыққа растады. Бірақ ол қысымнан қорқып, ақпарат құралдарына сұхбат беруден тартынды.

Әлеуметтік желіде тараған видеода Сәрсенбек Әкбардың отбасымен жылап көріскені көрінеді.

Гүлнұр Қосдәулетпен бірге Қытайдағы туысын босатуды талап етіп жүргендердің бірі Гауһар Құрманәлиеваның айтуынша, Сәрсенбек Әкбар 8 ақпанда Қорғас кеден бекеті арқылы Қазақстанға өткен. Гауһардың айтуынша, бұл іске Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Үрімжідегі өкілдігі араласқан.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі әзірге бұл ақпаратқа қатысты комментарий берген жоқ.

Гүлнұр Қосдәулет ұзақ уақыт Шыңжаңда қалған күйеуін қайтаруды талап етіп, Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында өзге азаматтармен бірге наразылыққа шыққан. Кейде консулдық алдына мүгедек арбасына таңылған кәрі енесін де бірге алып барып жүрді. Қытайдың да, Қазақстанның да билік орындарына бірнеше рет арызданған.

Туыстарының айтуынша, Сәрсенбек Әкбар 2017-2020 жылдары Шыңжаңдағы «саяси лагерьде» отырған. Кейін босап, үйқамаққа шығарылған.

Қытайда «саяси лагерьде» қамауда отырғандардың кейбірі бұған дейін де босап, Қазақстанға келген. Бірақ олардың өзі де, туыстары да қысымнан қорқып, ақпарат құралдарына сұхбат беруден бас тартып келеді. Туыстарының айтуынша, Қытай билігі әдетте оларды «Қазақстанда олардың бостандығын талап етіп жүрген» туыстарына «қарсы қойып», «әбден қорқытып тастайды».

Exit mobile version