Сирия билігі «Ислам мемлекеті» (ИМ) террористік ұйым қатарында соғысқан тәжік азаматтары отбасының 146 адамын Душанбеге өткеріп берді.
Сирияның «Аль-Ватан» басылымының мәліметіне қарағанда, Тәжікстанға өткеріліп берген әйелдер мен балалар «Аль-Хол» босқындар лагерінде өмір сүрген.
«Озоди» радиосының дереккөзінше, қайтып келген тәжікстандықтардың арасында 42 әйел және 104 бала бар.
Сирия солтүстігіндегі «Аль-Хол» және «Родж» лагерлерінде 500-ден астам тәжікстандық әйел бар. Олардың көбі Сирияға күйеулерімен барған.
2019 жылы Ирак тәжік азаматтарының 89 баласын Душанбеге өткеріп берген.
Тәжікстанның ресми мәліметіне қарағанда, 2014 жылы «Ислам мемлекеті» Ислам халифатын құратынын жариялағаннан кейін, Сирия мен Иракқа 2 мыңға жуық тәжік азаматы кеткен. Олардың көбі соғыс алаңында қайтыс болып, абақтыда қамалып не бүгінгі күнге дейін із-түссіз жоғалғандардың тізімінде.
KAZAKBOL.COM