Украинада соғыс басталғаннан бері денсаулық сақтау мекемелеріне кемінде 43 рет шабуыл жасалды, 12 адам қаза болды. Осылай деп Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) басшысы Тедрос Гебрейесус БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде мәлімдеді.
Ресейдің Украинадағы әскери агерссиясына арналған Қауіпсіздік кеңесінің отырысы бейсенбі күні Нью-Йоркта өтті.
«Қандай жағдай болмасын, денсаулық сақтау мекемелеріне қол салу – халықаралық гуманитарлық құқықты бұзу болып есептеледі»,- деді ДДСҰ басшысы.
Ол бүгінде орыс әскерінің қоршауында қалған Сумы және Мариуполь қалаларына гуманитарлық көмек жеткізуде қиыншылықтар болып жатқанын айтты. Сонымен бірге Батыс елдерінің өкілдері Ресейдің әрекетін сынға алып, Мәскеуді тез арада соғысты тоқтатуға шақырды.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Еуропа одағының сыртқы саясат мекемесінің басшысы Джозеп Боррель Ресейді Украинада әскери қылмыс жасап жатыр деп айыптады.
Блинкен Ресей президенті Владимир Путинді «әскери қылмыскер» деп атаған АҚШ лидері Джо Байденнің айтқандарымен толық келісетінін жеткізді.
Мемлекеттік хатшы сөзінде Мариупольдағы адамдар жасырынып отырған драма театрға жасалған соққыны және Чернигов қаласында 10 бейбіт тұрғынның қаза болғанын еске салды.
KAZAKBOL.COM