Димаш Құдайберген. Фото әншінің желі парақшасынан алынды
– Димаш қазақша ән орындаған соң, қытайлық жанкүйерлердің қазақтың ою-өрнегі мен домбырасына деген қызығушылықтары арта түсті дегені қаншалықты шындыққа саяды?
– Рас. Жанкүйерлері Димаш сахнаға киіп шыққан киімді кигісі, оның қолындағы заттарды ұстағысы келеді. Димаш «Дайдидауды» айтқандағы киімі де ерекше танымал болды. Ол өте сәтті образға айналды. Киімді Айман Мұсаходжаеваның ықпалымен Қазақ ұлттық өнер академиясы тігіншілері тігіп берген еді.
Жақында Қытайда Димаштың бейнесімен компьютерлік ойындар шыға бастайды. Онда да Димаш көрермендерімен «Дайдидауды» салған бейнесімен жүздеседі. Қазір Қытайда қазақтың домбырасына ғана емес, барлық ұлттық аспаптарына деген айрықша қызығушылық байқалады. Жанкүйерлер оларды зерттеп, қытай тіліне аударып, жариялап жатыр. Еуропадан да журналистер арнайы хабарласып, сұрастырғандар болды.
– Қытай басылымдары Димаш қатысқан жарнамалық шараның көрсетілімі рекорд жасады деп жазыпты. Ол қандай шараға қатысқан еді?
– Димаш қазір көптеген брендтермен жұмыс жасауда. Шанхайда Димаш қатысқан Swiss пен Ferrari компаниялары ұйымдастырған шараны тікелей эфирден 54 миллионнан аса адам тамашалапты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл олардың тарихындағы рекордтық көрсеткіш екен. Осы шара барысында Димашқа «Сүйікті кітабың қандай?» деген сұрақ қойылды. Димаш «Абай жолы» туралы айтып берді. Содан кейін «Абай жолының» қытай тіліндегі нұсқасының сатылымы да күрт артты. Жанкүйерлер «Димаш оқыған кітапты біз де оқуымыз керек» деп жазып жатыр.
KAZAKBOL.COM