Фото: Алаш айнасы
Ақтөбеде «болмасаң да, ұқсап бақ» демекші, діндар болмаса да сақал қойып, балақ кесуді әдетке айналдырған еразаматтар көбейіп барады. Оның өз себебі мен сыры бар, деп хабарлайды аймақтағы Baq.kz тілшісі.
27 жастағы жеке кәсіпкер Ербол намазға жығылмақ түгілі мешітке де бармаған. Бірақ түріне қарап діндар адам деп ойлайсың. Тақиясын тастамай, сақалын жіберіп қойған ол жұрт көзінен жасырынып шылым шегеді. Кейде кешкілік үйінде сыра да ұрттап алатынын айтады. Ал түріне қылығының сай келмейтінін кейіпкеріміз былай деп әңгімеледі:
«Кәсібіме байланысты күн сайын таң атысымен қаладағы дүкендерге зат тасимын. Шаһарды шарлап шығу үшін көліктің жылдамдығын арттыруға тура келеді. Ондай кезде бұрын жол сақшыларына жиі ұсталатын едім. Бір досым «сақалдыларға» полицейлердің жоламайтынын айтқанда алғашқыда сенбедім. Кейін оның нәтижесін байқадым. Тақия киіп, сақал қойып, шалбардың балағын қысқартқаннан соң жол сақшылары сескене ме, әйеуір тоқтатпайтын болды. Жолда ешкім тоқтатапуы үшін енді міне, осындай түрмен жүрмін», — дейді Ербол.
Дегенмен, Ерболдың имиджін жақындары жақтыртпайды екен. Туыстары оны көрген сайын сақалын қыруды өтінеді. Әсіресе, бесінші маусымдағы терактіден соң анасы мен келіншегі оған ұрысыпты. Соңғы рет сол кезде ұстараны қолына алған.
«Әдейі сақал өсіріп жүргенімді айтсам да үйдегілер түсінбейді. Нағашыларымның бірі түнде қырқып тастамақ болып оқталған(күліп). Өткен айда алып тастадым. Бірақ бір айда енді қайта қалпына келді ғой. Жол сақшыларынан құтылам деп такси болып жүрген бір досым мен сияқты сақал жіберген. Бірақ оның ісінен түк шықпады. Өйткені сақалды такси жүргізушіге жолаушылар жоламайды екен. Өйткені қорқады», — дейді кейпкеріміз.
Екі баланың әкесі осы кейіпімен қашанға дейін жүретінін өзі білмейді.
KAZAKBOL.COM