«Душанбе» телеарнасының журналисі, 24 жастағы Шохрухи Исмоилдың туыстары оны әскерге күшпен алып кеткенін айтты. Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, журналист әскери комиссариат шақыртуына құлақ аспаған, сол себепті милиция қызметкерлері оны ұстап, комиссариатқа жеткізген.
Шохрухи Исмоилді милиция қызметкерлері 12 сәуірде Душанбедегі «Ватан» кинотеатры маңында ұстаған. Куәгерлердің бірі журналисті ұстау сәтінде түсірілген видеоны әлеуметтік желіге жариялады. Видеодан қарапайым киінген үш адам жас жігітті «Рахш Такси» компанясының көлігіне күшпен отырғызғанын, көмек сұраған жігіттің өтінішіне ешкім құлақ аспағанын көруге болады.
Бұл видео әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Желі қолданушылардың дені әскерге күшпен әкетіп жүрген билік әрекетін сынады.
Дегенмен республиканың қорғаныс министрлігі «күшпен алып кетті» дегенді жоққа шығарып отыр.
«Шохрухи Исмоилды әскери комиссариат бірнеше мәрте шақыртқан, бірақ ол бармаған. Комиссариат қызметкерлері оның мәліметін милицияға беруге мәжбүр болды», деді қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Фаридун Махмадализода.
Министрлік өкілінің айтуынша, жас жігіт әскерге барудан бас тартса, құқық қорғау органдарының қызметкерлері оны іздеп тауып, әскери комиссариатқа жеткізуге міндетті.
Шохрухи Исмоилдің туыстары министрліктің мұндай жауабымен келіспеді. Журналистің бауыры Абдулло Исмоилдің Озоди радиосына хабарлауынша, оның інісі ауырып жүр. «Біз әскери прокуратураға өтініш жасып, Шохрухтың денсаулығын дұрыстап тексеруін сұрадық», — деді ол.
Тәжікстанда көктемгі әскерге шақыру науқаны басталғалы бері жас жігіттерді күшпен әскерге алып кету оқиғалары жиіледі. Екі аптадан бері осындай оқиғалар кезінде түсірілген видеолар әлеуметтік желілерге көп жарияланды.
Тәжікстанда әскер қатарына қабылдау науқаны көктемде және күзде өтеді. 18-27 жастағы жігіттер әскерге баруға міндетті.
KAZAKBOL.COM