Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) төрайымы, Швецияның сыртқы істер министрі Анн Линде жұмыс бабымен Тәжікстанға келді.
Анн Линде Душанбеде Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен, басқа да шенеуніктермен кездеседі деп жоспарланған. Бұған қоса, ол Тәжікстанның азаматтық қоғамының өкілдерімен жүздеседі.
15 сәуірде таңертең Анн Линде Тәжікстанның сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинмен кездесді. Тәжік сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, жүздесуде Швециямен әріптестік, ЕҚЫҰ аясындағы қатынас, сонымен бірге аймақтағы және Ауғанстандағы жағдай талқыланған.
ЕҚЫҰ төрайымының Тәжікстандағы сапары қарсаңында Еуропадағы тәжік оппозициясы құрған Тәжікстандағы саяси тұтқындар мен кепілдегілерді құтқару жөніндегі азаматтық комитет Анн Линдеден «тәжік билігінен Иззатулло Холовты (Иззат Амон) тез арада босатуды талап етуін сұрады».
«Иззат Амон коронавирус пандемиясы кезінде мыңдаған тәжік мигрантының құқықтары мен еркіндігін қорғаған. Оны Ресейден Тәжікстанға заңсыз әкетіп, қамап қойды», — делінген комитет мәлімдемесінде.
Анн Линденің Орталық Азия елдеріне жұмыс сапары 11 сәуірде басталып, бүгін, 15 сәуірде аяқталады. 12 сәуірде ол Қазақстан басшылығымен, ал 13 сәуірде Қырғызстан басшыларымен кездесті.
KAZAKBOL.COM