Қазақстан экология және табиғи ресурстар министрлігінің балық шаруашылығы комитеті былтыр Каспий жағалауындағы итбалықтың қырылу себебін түсіндірді.
Ведомствоның мәлімдеуінше, қоршаған орта ластанғандықтан, итбалықтың иммунитеті әлсіреп, пневмонияға қарсы тұра алмаған. Экология министрлігінің хабарламасынан «Власть» сайты үзінді келтіреді.
Былтыр қараша мен желтоқсан аралығында Каспий жағалауын тексеру кезінде 172 өлі итбалық табылған еді.
«Ғылыми ұйымдар мен құзырлы мемлекеттік органдар өкілдерінен құралған жұмыс тобы Каспий итбалығынының қырылуына вирустың әсерінен асқынған пневмония себеп болды деген қорытындыға келді. Тұмау және морбилли вирус инфекциясының аралас түрі ушыққан» деп жазылған министрлік хабарламасында.
Бұған дейін балық шаруашылығы комитеті итбалықтың қырылу себебін анықтау үшін Каспий итбалығын зерттеу орталығы, Гидробиология және экология институты, Микробиология және вирусология ғылыми өндірістік орталығы, Қазақстан қолданбалы экология агенттігі және өзге де мекемелердің мамандары тартылғанын хабарлаған еді.
Каспий теңізі жағасында өлі итбалық былтыр тамызда да табылған. Lada.kz басылымы Маңғыстау облысындағы Форт-Шевченко портына жақын жерде 64 өлі итбалық табылғанын жазған.
Қарашада Маңғыстау облысына барған президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге көңіл бөліп, Каспий итбалығын сақтап қалу және көбейту үшін бірқатар ғылыми-зерттеу жүргізуді тапсырған.
KAZAKBOL.COM