Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.
Кездесу барысында А.Жұмағалиев Мемлекет басшысына бұрын берілген тапсырмалардың орындалуы, компанияны трансформациялау бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы баяндады, деп хабарлайды zakon.kz, Ақорданың баспасөз қызметі берген ақпаратқа сүйеніп.
Қазақстан Президенті біздің республика әлемдегі толық өндірістік цикл құруға ұмтылып отырған ірі уран өндіруші ел екенін айтты.
«Компания елдің маңызды активі саналады. «Қазатомөнеркәсіптің» әртүрлі бірлескен кәсіпорындарда қатысу үлесі бар, олардың біразы бойынша серіктестер мойындарына алған міндеттемелерін орындамайды. Осыған байланысты олардың өз міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету керек, немесе активтерді мемлекет мүддесі үшін қайтару мүмкіндігін қарастыру қажет», – деді Мемлекет басшысы.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқармасының төрағасы әлеуметтік нысандардың жергілікті атқарушы органдар қарауына берілгені, кәсіби бағдарға жатпайтын 11 кәсіпорынның бәсекелестік ортаға шығарылғаны және өткен жылдың қорытындысы бойынша уран өндіруші кәсіпорындар кеңселері өндіріс орналасқан өңірлерге көшірілгені туралы баяндады.
А.Жұмағалиев трансформация бағдарламасы аясында қабылданған кешенді шаралар нәтижесі бойынша «Қазатомөнеркәсіп» өндірістік өзіндік құнды 16 миллиард теңгеге төмендеткенін, ал компанияның экономикалық қосылған құнын 17 миллиард теңгеге жуық өсіргенін айтты.
Ұлттық компания басшысы Елбасыға өндірісті әртараптандыру үшін қабылданған, атап айтқанда, АЭС отынын өндіру зауытының құрылысына дайындық шаралары туралы баяндады.
Фото:akorda.kz
KAZAKBOL.COM