Бүгін Ақордада кеңес өткізген Нұрсұлтан Назарбаев журналистерден, жалпы, қоғамнан қашатын шенеуніктер мен саясаткерлерге ескерту жасады.
Бұл туралы Қазақпарат хабарлайды.
«Біз экономикалық ынтымақтастық және даму жөніндегі ұйымның стандарттарына талпынып, әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосыламыз деген мақсат ұстанып отырмыз. Бұл ұйымдағы, жалпы, дамыған елдердің ең бір жақсы стандарты — бұндай елдердің Үкіметі халық алдына күнде шығады, үкімет мүшелерінің барлығы қоғам алдында құрдай жорғалайды. Ол елдердің министрлері бір мәселе туындай қалса, жедел пікір білдіреді. Ал, бізде қалай? Менің айтарым, брифингке келіп, журналистердің алдында қағазға жазылған мәтінді оқып беру — ақпараттық жұмыс емес. Біздің министрлер брифингтерде журналистерден қашқанда, алдына жан салмайды, қарапайым сұраққа жауап бермейді», — деп қадап айтты Назарбаев.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазір әрбір министрлік өз саласындағы саясатты түсіндіретін ақпаратты органға айналғанын, сондықтан, қоғамнан «тығылу» тиімсіз жұмыстың басты себебі екенін атап өтті.
«Қазір біз министрліктерді белгілі бір саладағы саясатты жүргізетін орган қылдық. Саясаткер халықпен сөйлесіп, қоғамның сенімін жаулап алуы керек. Халықпен жиі-жиі кездескен дұрыс…»,-деді президент.