Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті 15 қазанда Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, сонымен бірге фармацевтика компаниялары басшыларының жемқорлық әрекеттеріне қатысты қосымша мәлімет таратты.
Арнайы қызметтің хабарлауынша, денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысының бір туысы министрліктегі лауазым иелеріне пара беру арқылы фармацевтика компанияларының мүддесін қорғаған.
Ресми мәліметке қарағанда, Бішкектің 1-май аудандық соты С.Ж.К. есімді күдіктіні тергеу аяқталғанша қамауда ұстау туралы шешім шығарған.
Ұсталған адам мен экс-министрдің кім екені айтылмады. Алайда ҰҚМК төрағасы Камчыбек Ташиев Жогорку Кенештің 13 қазандағы отырысында «фармацевтика мафиясына» денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Космосбек Чолпонбаевтың туған әпкесінің қатысы барын мәлімдеген.
Бұның алдында арнайы қызмет Қырғызстанда «фарммафия» әшкереленгенін хабарлаған. Жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс аясында фармкомпаниялардың бірінің басшысы А.В. ұсталып, тергеу изоляторына қамалған.
KAZAKBOL.COM