Ферғана облысы Өзбекстан ауданындағы тергеу абақтысының басшысы мен бір қызметкері 25 қыркүйекте кешке ұсталды. Оларға Абдураззак Кадыров өліміне қатысы бар деген күдік келтірілген.
Ферғана облыстық прокуратура қызметкерінің айтуынша, Өзбекстан аудандық тергеу абақтысындағы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.
61 жастағы көлік жүргізуші Абдураззак Кадыров 19 қыркүйекте тергеу абақтысынан шыққан соң, үйінде қайтыс болды. Жергілікті милиция оны «кіші-гірім бұзақылық» жасады деген күдікпен ұстаған.
Марқұмның туыстары абақтыда оны ұрып-соқты деп отыр. Кадыров өлерден бір сағат бұрын оны тергеу абақтысының қызметкерлері үйіне әкеп тастаған.
Аудандық прокуратура сот-медициналық сараптама жасап, марқұмның желкесінде жарақат болғанын, қабырғалары сынғанын, денесінде азаптау іздері қалғанын анықтады. Дереккөз мәліметіне қарағанда, милиция қызметкерлері оны сиыр ұрлағанын мойындату үшін ұрған.
KAZAKBOL.COM