Түркістан облысының Мақтарал ауданында Фердауси атындағы мектепте орамалын шешуден бас тартқан жеті оқушы қыздың ата-анасы мектептен қыздарының құжаттарын алып кетті. Бұл туралы Азаттыққа мектеп директоры Жанар Мамырова хабарлады.
Жанар Мамырованың айтуынша, мектептегі жоғарғы сыныптарда оқитын 203 оқушы қыздың 10-ы орамалын шешуден бас тартып отыр. Жаңа оқу жылы басталғалы орамалын шешуге келіспеген жеті қыздың ата-анасы мектептен қыздарының құжаттарын алып, басқа оқу орнына орналастырған.
— Орамалын шешуге келіспей сабаққа келмеген 10 оқушының екеуі ауырып жатқаны белгілі болды. Біреуі басқа мектепке ауысуына байланысты құжаттарын рәсімдеп отыр. Төртеуінің ата-анасына Түркістан облыстық білім саласындағы бақылау департаменті айыппұл салған. Қалған үш оқушы және олардың ата-анасымен жұмыс жүргізіліп жатыр, — дейді мектеп директоры.
Түркістан облыстық білім басқармасы «Фердауси мектебіндегі жағдай бірқалыпқа түскенін» және әлі де түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Қыркүйектің 6-сы күні Фердауси ауылында мектепке орамалын шешіп барудан бас тартқан 13 оқушы қыздың ата-анасына бес айлық есептік көрсеткішке (бір айлық есептік көрсеткіш — 2405 теңге) тең айыппұл салынған.
KAZAKBOL.COM