Жексенбі күні Францияның Аржантёй қаласында бес мыңға жуық адам 14 жастағы Алишаны еске алып, марш өткізді.
Алишаның денесі 8 наурыз күні Сена өзенінен табылған. Жергілікті прокурордың мәлімдеуінше, жасөспірім сол күні екі сыныптасымен кездескен. Олар Алишиді соққыға жығып, тірідей Сена өзеніне лақтырып жіберген. Прокуратура мәліметінше, олар мұны алдын ала ұйымдастырған. Осылай деп «Халықаралық француз радиосы» хабарлайды.
Жексенбі күні шеруге шыққандар 14 жастағы Алиша оқыған мектептен des Berges саябағына дейін жаяу жүріп өтті. Наразылыққа шыққандардың алдында марқұмның әке-шешесі сөз сөйледі. «Менің қызымның орнында сіздің де қызыңыз болуы мүмкін», – деді Алишаның әкесі.
Аржантёй қаласының мэрі Алишаның әке-шешесіне көңіл айтты. Иль-де-Франс аймағының басшысы қайғылы оқиға ұлттық сананы сілкіндіріп, бізге сабақ болуы тиіс деді. Ол мектептегі қуғындаудан балалар қайтыс болып жатыр деді.
Le Figaro газетінің жазуынша, қайғылы оқиға лицейде тәртіптік кеңестің жиналысы қарсаңында болған. Күдіктілер ұсталған. Олар 20 жылға дейін түрме жазасына кесілуі мүмкін.
Жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылық соңғы аптада француз БАҚ-та көтерілген басты тақырыптардың бірі болды.
Франция ІІМ жанындағы азаматтық істер жөніндегі министр Марлен Шьяппа Franceinfo радиосына сұқбат беріп, жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылықты болдырмау үшін, алдымен ата-аналарын дайындау керек деді. Оның айтуынша, қазір балалардың дені уақытын әлеуметтік желілерде өткізеді.
KAZAKBOL.COM