Өзбекстанның тұңғыш президентінің қызы Гүлнара Каримованың Швейцариядағы банк есеп-шотында бұғатталып тұрған 303 млн доллары Өзбекстанға емес, Гибралтарда тіркелген «Такилант» офшорлы компанияға аударылуы мүмкін.
Былтыр шілдеде Швейцарияның Қылмыстық істер бойынша федерлдық соты Каримованың адвокаттары берген апелляциялық арызды қанағаттандырған. Онда Швейцария прокурорлары қамауға алынған қаражаттың коррупциялық жолмен табылғанын растаған құжаттарды көрсете алмағаны, пара ретінде көрсетілген қаражатты алған кезде Гүлнара Каримова ешқандай мемлекеттік қызметте істемегені жазылған.
Сот шешімінде Каримова ол кезде кәсіпкерлікпен шұғылданғаны және оның активтері телекоммуникациялық бизнестен түскен заңды кіріс ретінде көрсетілуі керек екені белгіленген.
Бұл істі бақылап отырған белсенділердің айтуынша, прокурорлар әлі күнге дейін сот шешіміне қарсы арызданған емес.
Өзбекстанда 51 жастағы Гүлнара Каримова 12 жыл бойы өлкедегі жүз миллиондаған активтерге иелік еткен ұйымдасқан қылмыстық топты бақылады және 2 млн доллар қаржыны жасырды деп айыпталған.
Өзбекстанның бас прокуртурасы мәліметінше, Каримованың шетелдердегі қаражаты 1 млрд доллардан астам деп бағаланады. Оның Швейцарияның жеті банкінде 30 есеп-шоты және сегіз сейфі бар.
Былтыр Өзбекстан билігі Каримованың шетелдердегі «қылмысты жолмен тапқан» 1,3 млрд долларлық активін қайтару бойынша АҚШ, Швейцария, Франция, Ресей және Латвия елдерімен сөйлесулер жүргізіп жатқанын мәлімдеген. Онда кәмпескеленген соманы қайтару үшін БҰҰ-ның көп тарапты сенім қоры құрылатыны айтылған.
2020 жылдың наурызында Ташкент қалалық соты Гүлнара Каримованы 13 жыл 4 айға соттаған. Ол «Мемлекет қаржысын талан-таражға салу», «Өзбекстан мүддесіне қайшы келетін келісім-шарт құру» және «Өзгенің ірі сомаға бағаланған мүлкін иелену» бойынша кінәлі деп танылған. Каримова 2019 жылдың жазынан бері Ташкент облысы Зангиата ауданындағы №21 әйелдер түрмесінде жазасын өтеп жатыр.
KAZAKBOL.COM