Германия ішкі істер министрі Нэнси Фезер полиция Орталық Азия елдерінен барған жеті адамды ұстау арқылы террорлық актінің алдын алғанын мәлімдеді.
«Жеті адамды қамауға алу арқылы исламшыл терроризмге соққы берілді. Мұны жүзеге асырған билік органдарына, бірінші кезекте біздің министрліктің және федералдық қылмыс полициясына, ішкі барлау қызметіне ризашылығымды білдіремін», — деді Фезер.
Өткен аптада Германияның бас прокуратурасы Германия мен Нидерландта теракт ұйымдастыруды көздеген жеті орталықазиялықтың ұсталғанын мәлімдеді. Онда олардың бесеуі тәжік, біреуі қырғыз және тағы біреуі түркімен азаматтары екені хабарланған. Ұсталғандар бірін-бірі көптен бері білген, Германияға Украинадан соғыс басталғаннан көп өтпей барған.
Орталықазиялықтар 2022 жылы террорлық ұйым құрып, Германияда нысанаға алатын жерлерді қарастырып, қару-жарақ табу әрекетін қарастырып жүрген. Прокуратура мәлімдегендей, ұсталғандардың әзірге нақты жоспарлары болған емес.
Reuters агенттігі жазғандай, ұсталғандардың арасында Аброржон атты қырғызстандықтан басқасының бәрі 2022 жылдың сәуірінен бері «Ислам мемлекеті» террорлық ұйым үшін ақша жинап, бірнеше рет шетелдегі есеп-шоттарға ақша аударған.
KAZAKBOL.COM