Фото: zamana.kz
Алматы жақтағы Қаскелең ауылында тұратын Асқар есімді жігіт «Ата-анама келін іздеймін. Өзіме адал жар болатын қыздар болса, хабарласыңыздар!» деген мәтінмен қала көшелеріне жарнама іліп қойған.
«Мен бұрын үйленген адаммын. Осыдан 5 жыл бұрын бір сүйкімді қызбен отбасын құрғанбыз. Алғашында түсіністікпен өмір сүрдік. Әке-шешем де: «Келініміз жақсы, адал, ақкөңіл екен» деп үнемі мақтауын асырып отыратын. Осыған мен де қатты қуанатын едім.
Бірақ, бір ұл туғаннан кейін келіншегімнің мінезі өзгере бастады. Ата-анамды сыйламайтын, оларға сөз қайтаратын болды, тамақты бергісі келсе береді, бергісі келмесе бермей-ақ қоя салады. Мұның дұрыс болмайтынын оған жай айтып та, қатты айтып та түсіндіре алмадым.
Ажырасуды ұйғардым. Осыны айтқанымда келіншегім селт еткен жоқ, қайта осыны күткендей маған ала көзімен бір қарады да: «Ажырассақ, ажырасайық», – деді. Ал ата-анам үн-түнсіз орындарынан тұрып, сыртқа шығып кетті.
Әке-шешем кейін бізді татуластырмақ болып әбден әрекеттенді, бірақ екеуміз де илікпедік. Ақыры сот арқылы ажырасып тындық. Жалпы, мен бұрынғы әйелімді біржақты кінәламаймын. Кінә өзімнен де бар шығар, білмедім. 5 жастағы ұлым анасымен бірге, оларға көмегімді беріп тұрамын», — дейді Асқар.
«Менің жасым қазір 38-де. Отбасын құрғым келеді. Сол үшін ата-анама жақсы келін, өзіме адал жар іздеудемін. Интернет арқылы іздегенімнен нәтиже шықпады. Содан осылай, мақсатымды аялдамаларға жарнама етіп жазып жапсырып қойдым. 6 күн ішінде маған 100-ден астам қыз-келіншектер хабарласты. Көбі ойнап, мазақтап хабарласады. Шын ниетімен хабарласып жатқандар да бар. Енді… мұнымнан не шығарын болашақта көре жатармыз. Ең бастысы, маған адал жар керек. Тұрақты жұмысым, тұратын үйім бар, бір отбасын баға аламын. Болашақ жарым тәрбиелі жердің қызы болса екен деймін. Адал жар жолықса, өмір бойы аялап өтер едім», — деп ағынан жарылды ол.
KAZAKBOL.COM